ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА «НИЗАМИ ГӘНЖАУИ» АРТ-АЛЬБОМЫ МЕН КӨРМЕСІНІҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында әзірбайжан халқының ұлы ақын-философы Ілияс ибн Жүсіп Низамидің (әдеби лақап есімі – Гәнжауи) 880 жылдығына арналған «Низами Гәнжауи» арт-альбомы мен көрмесінің тұсауы кесілді.
Альбомға Низами шығармаларының негізінде жарық көрген түрлі танымал суретшілердің 100-ден астам жұмысы енген. Үстіміздегі жыл Әзірбайжанда Низами жылы деп жарияланған.

Іс-шараны Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат ашты:
«Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор» деп атап көрсеткен болатын. Елбасы кітапханасы ТҮРКСОЙ ұйымының түркі әлемінің ұлы ойшылы Низами Гянджавидің көркем альбомын таныстыру жөніндегі бастамасын қолдады. Бұл еңбектің түркі халықтарының ғана емес, әлем өркениетінің тарихына, ғылымы мен мәдени мұрасына елеулі үлес қосатынына сенімдімін», - деді ол.

«Сабыр түбін сары алтын санаған Низами Гәнжауи өмір сынағының тап болғандарға  тағылым болатынын білген. Төзімділік – шатасқан түйінді шешетін қасиет... Еңбек еткенді қара жер де құр қалдырмайтынын жеткізуге тырысқан Низамидің қазақ тарихы мен мәдениетімен байланысы тығыз. Ұлы ойшылдың шығармашылығы қазақ әдебиетінде жыл сайын көбейіп келетіні бізді қуантады», - деді  Әзербайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Ағалар Атамоғланов.

«Низами Гәнжауи» арт-альбомын құру идеясының авторы – ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов.
«Альбомға енген әр суреттің өзіндік тарихы бар. Басылымның оқырманы мүмкіндігінше көп болсын деп, альбомды ағылшын тілінде жарыққа шығардық. Мұндай маңызды кітаптарды біз сериямен басуды ұйғардық. Олардың қатарында Абай Құнанбайұлы, Олжас Сүлейменов, Шыңғыс Айтматов сынды ұлы тұлғаларға арналған еңбектер бар. Бүгінде Әлішер Науаи, Мақтымқұлы Дәулетмәмедұлына арналған альбомдар әзірлену үстінде. ТҮРКСОЙ түркі әлеміндегі көрнекті тұлғалардың мұрасын жаңғыртуды көздейді», - деді ол.
Низами Гәнжауидің «Хамса» жинағындағы маңызды өлеңдері («Құпиялар қазынасы», «Хұсрау мен Шырын», «Ләйлі мен Мәжнүн», «Жеті сұлу», «Ескендірнама»)  жырлаған гуманизм, толеранттық, әлеуметтік теңдік, қарым-қатынастар үндестігінің идеялары тек шығыста ғана емес, бүкіл әлемде поэзия мен философия маржандарының эталонына айналды.

Бүгінгі таңда Низами Гәнжауидің шығармаларын зерттеу шекаралары едәуір кеңейіп, әдеби-философиялық шығармалар ретінде ғана емес, сонымен қатар әлеуметтану, дінтану, психология, педагогика және саясаттану тұрғысынан да қызығушылық тудырды. Низами шығармалары ағылшын, француз, неміс, орыс, белорус, украин сияқты т. б.әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. 
Низами мерейтойының тұсында ТҮРКСОЙ Ресей, Беларусь, Украина, Польша, Қырғызстан және басқа да бірқатар елдерде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырды.
Низамидің ең соңғы әрі ең маңызды шығармаларының бірі «Ескендірнама» шығармасын қазақ тіліне аударған қазақтың біртуар ақын-ағартушысы Абай Құнанбайұлының мерейтойы да былтыр кең көлемде аталып өтті. Абай Низамиді өзінің ұстаз тұтып, шығармашылығын қатты құрметтеген.
«Низами Гәнжауи» арт-альбомының тұсаукесері фотосуреттер көрмесімен жалғасты.
Шараға ТҮРКСОЙ ұйымының өкілдері, Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері, дипломаттар мен ғалымдар, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
Фотокөрменің материалдарымен https://elbasylibrary.gov.kz  сайтында танысуға болады.