«Еліміз бен Елбасымыз туралы бейнефильмді көргеннен кейін көңілім босап, көзіме жас келді. Бойымдағы патриоттық сезім тасып, бөлек күй кештім. Кең байтақ жерде, тәуелсіз елде күн кешіп жатқаныма қатты қуандым»,-деді он жылдан бері криминалист болып қызмет етіп жүрген Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданының ішкі істер басқармасының полиция капитаны Перизат Отарбаева. Тәртіп сақшысы музейден алған әсерін жұбайы мен балаларымен бөліскісі келетінін де жасырмады.
«Жұмысымыз жауапты болғандықтан осындай мәдени орындарға арнайы келуге уақыт таппай жатамыз. Бірақ бүгін музейден біраз мәлімет алып толқығанымды да, тың дерекке қанымққанымды да жасыра алмаймын. Бұл жердегі кереметті тек келіп көру керек. Сондықтан алдағы уақытта осы жерге отбасымды алып келемін деп ой түйдім. Балаларым егемен еліміздің қалыптасуына бар күш-жігерін салған Елбасымыздың ерен еңбегі мен өмір жолын тереңірек білсе деймін».
Елбасы кітапханасының жаңа ғимаратына ат басын бұрған Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданының ішкі істер басқармасының өкілдері музей ішін асықпай аралады. Экскурсия барысында тәртіп сақшылары көкейдегі сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды.
«Елбасы музейіне келіп рухани байып қалдым. Ғимараттың залдарында классикалық экспозициялық шешімдер мен заманауи технологиялардың көмегімен Елбасының балалық шағы, мектеп жылдары, еңбек жолының басталуы, саяси қызметінің кезеңдерімен танысуға барлық мүмкіндік жасалған. Бас қаланың болашақта қандай болатынын көріп, кеудемді шаттық кернеді. Осындағы жеті зал да бірінен-бірі өтеді. Әр зал өзінше ерекше. Әр залда құнды деректер бар. Әсіресе, ұлттық аспаптарымызды өте әдемі жасаған екен. Халқымыздың күмбірлеген күйін тыңдап бір жасап қалдым. Экскурсия жүргізетін қызметкерлерге де риза болдым. Үш тілде сайрап тұр. Не сұрасаң да мүдірмей жауап береді. Осындай жерге келуден ұтпасақ, ұтылмайтынымызды ұқтым», -деді Алматы аудандық полиция басқармасының кадр саясаты бөлімінің басшысы Алмас Жаппаров.

