ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА «КӨШБАСШЫЛАР МЕКТЕБІНІҢ» СЕМИНАРЫ ӨТТІ

1 сәуірде Елбасы кітапханасында Астана қаласы мектептерінің активист-оқушылары қатысқан «Көшбасшылар мектебінің» бескүндік семинар-тренингі қорытындыланды.

Бұл семинар-тренинг Елбасы кітапханасы мен «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бірлескен іс-шаралар жоспары шеңберінде ұйымдастырылды.

Естеріңізге сала кетейік, Елбасы кітапханасы жанынан «Кемел Ел» мәдени-білім беру жұмысы және жастарды тәрбиелеу орталығы ашылып, өз жұмысын бастаған еді. Осы орталықтың және «Жас Ұлан» ұйымының мүшелері аталған семинардан оқудан өтті. Барлығы 21 жігерлі де белсенді оқушы тәжірибелі жаттықтырушылардың тренинг-дәрістерін тыңдады, практикалық тапсырмаларды орындады, пікірталас алаңына қатысты, өз бизнесін ашу негіздері, әртүрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру дағдыларын меңгерді және «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына» арналған конкурстық бейнероликтер түсірді.     

Семинарды қорытындылау рәсімінде жастар Қазақстанның дербес ел ретінде қалыптасу тарихына шолу, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың кемел саясаты мен жаһандық бастамалары туралы «Қазақстан арманы: Тәуелсіздік хроникасы» атты фильмді тамашалады, сондай-ақ ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап семинарға қатысушы жастар түсірген 4 бейнеролик көрсетілді. Оқыту курсынан өткен оқушылар арнайы сертификаттармен және естелік кітаптармен марапатталды.

[Best_Wordpress_Gallery id="25" gal_title="«Көшбасшылар мектебі» семинар-тренингі 01.04.2016"]

«Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер» РҚБ-ның төрайымы Динара Сәдуақасова:

- Семинардың мақсаты - жасөспірімдер бойында көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру, жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу, олардың азаматтық белсенділігін арттыру, жігерлі жастардың ішкі және шығармашылық әлеуетін ашу. «Көшбасшылар мектебі» жобасы 2013 жылы бастау алған болатын. Үш жылда 200 аса оқушы осы жоба аясында білім алды. Алдағы уақытта біздің ұйым Елбасы кітапханасымен бірлесе отырып осындай семинарларды өңірлерде өткізуді жоспарлап отыр, - деді.

Кітапхана директорының орынбасары Жапсарбай Қуанышев:

- Сендер секілді белсенді, креативті, талантты және білімді жастардан нағыз көшбасшылар шығады. Біз үшін жастармен жұмыс жасау өте маңызды. Алдағы уақытта көптеген іс-шараларды жастармен бірге жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Жалпы, осы семинарда сендер біздің «Кемел Ел» орталығының мүшелерімен танысып, олармен тәжірибе алмасып, бірін-бірі толықтыратын тамаша бастамалар мен идеяларды бірге талқыладыңдар. Бескүндік курстан алған білімдерін мен дағдыларын болашақта сәтті іске асыруына тілектеспін, - деді.

Аталған семинардың әрбір күні белгілі бір тақырыпқа арналды. Бірінші күн – команда құру негіздері, екінші күн – көшбасшылық қыр-сыры, үшінші күн – шешендік өнер және тайм-менеджмент, төртінші күні – бизнес жобалар жасау және бесінші күні – конкурстық тапсырманы таныстыру және қорытынды шығару.