ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА «ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ ҰЛЫБРИТАНИЯ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН-БРИТАН ҚАТЫНАСТАРЫ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

2017 жылғы 31 тамызда  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Ұлыбританияның Еуропа және Америка істері жөніндегі мемлекеттік министрі Сэр Алан Дунканның қатысуымен «ХХІ ғасырдағы Ұлыбритания және Қазақстан-Британ қатынастары» тақырыбында халықаралық кездесу өтті.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Талдау орталығы мен Елбасы қорының қолдауымен Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің елшілігі ұйымдастырды.

– Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан бір айдай уақыт өткен бойда мемлекеттеріміздің арасында дипломатиялық қатынастар орнады. 25 жылдың ішінде Қазақстан мен Ұлыбритания сындарлы саяхат, бірлесе дайындаған жүздеген жемісті жоба, қазақстандық экономикаға салынған миллиардтаған инвестиция, сондай-ақ британдық оқу орындарында озық білім алған адамдар арқасында байланыстарын бекіте түсті. Ұлыбритания қазақстандықтардың білім алуда жиі таңдайтын жеріне айналды. Алдағы уақытта Астанадағы Халықаралық қаржы орталығын дамыту бойынша зор жұмыс атқарылмақ. Біріккен Корольдік үкіметінің зор көңілі мен қолдауына бөленген жобаға сәйкес, орталық британ құқығы қағидалары негізінде жұмыс істейтін болады, - деп шараны ашу барысында Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, саяси ғылымдар кандидаты Тимур Шаймергенов бөлісті.

«Дүниежүзілік қоғамдастықтағы Ұлибританияның алатын орны» тақырыбында сөз сөйлеген Ұлыбритания мемлекет министрі Қазақстан-Британ қатынастарының 25 жылдық кезеңіне баға беріп, келешекте екі жақты қатынастарды дамыту жолдарына ерекше көңіл бөлді.

– Қазақстанға сапарым Конституция күні мерекесімен тұспа-тұс келгеніне қуаныштымын. Осы тұста Қазақстанда өмір сүріп жатқан ұлт өкілдеріне игі тілектерімді жолдағым келеді. Ғасырдың бір ширегіндей аз уақыттың ішінде Тәуелсіз Қазақстан дамудың бірқатар кезеңдерін кешіп үлгерді. Мемлекеттеріңіздің мақтан тұтарлық жетістіктерінің бірі – Астананың өзі екені сөзсіз, - деп белгіледі Алан Дункан. – Қазақстан Ұлыбритания үшін маңызды серіктес болып табылады. Бұл жылы қос мемлекет биік деңгейге жеткен дипломатиялық қатынастың 25 жылдығын тойлап жатыр. Келер жылдың соңына дейін Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болмақ. Екі жылдың ішінде Қазақстан күллі әлем қақтығысқалы тұрған қауіпсіздіктің сын-тегеуріндерімен күресуде маңызды рөл атқару мүмкіндігіне ие болып отыр. Бұл кезең барысында Кеңестегі қызметте елдің географиялық орналасуын, тарихи және мәдени көзқарастарын тиімді пайдалану керек.

Сэр Алан Дунканның айтуынша, Ұлыбритания Қазақстанның экономикалық және заң реформаларын жүзеге асыруын қолдап қана қоймай, оған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыруда 74 мың фунт стерлинг бөлуді көздеп отыр екен.

– Бүгінде Біріккен Корольдік Қазақстандағы алтыншы ірі инвестор. Қазақстан 1991 жылы егемендігін алған сәттен бастап Ұлыбритания тікелей инвестицияларының көлемі 25 миллиард доллардан асты. Біз қос мемлекет арасында түрлі тосқауылдардың алдын алып, сауда қатынастарын күшейте бермекшіміз, - деді ол.

Мәртебелі мейман халықаралық қатынастардың бүгінгі ахуалына деген көзқарасы мен Еуропа одағынан шыққан Ұлыбританияның (Brexit) рөлі мен орнына қатысты пікірімен бөлісті.

Өз баяндамасынан кейін Ұлыбританияның Еуропа және Америка істері жөніндегі мемлекеттік министрі сэр Алан Дункан, сондай-ақ Ұлыбританияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі, доктор Кэролин Браун мен оның орынбасары Сара Пикеринг кездесу қатысушыларының сауалдарына жауап берді. Сұрақ қоюшылардың қатарында Назарбаев Университеті, ҰҚК академиясы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ мұғалімдері мен студенттері, ҚР Президентінің Әкімшілігі мен ҚР Сыртқы істер министрлігінің, Индия, Иран, Ресей, АҚШ елшілігінің, Қазақстан мен Орталық Азиядағы халықаралық көші-қон ұйымы мен Конрад Аденауэр атындағы қор қызметкерлері болды.

Елбасы кітапханасындағы кездесуден кейін Алан Дункан сапар бағдарламасы аясында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев пен ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановпен, Chevening британ стипендиясының түлектері мен өзге де жұртшылықпен кездеседі.

Сэр Алан Дунканның сапары ЭКСПО-2017 көрмесі барысында өткен жоғары деңгейдегі Ұлыбритания өкілдерінің сапарлар легін аяқтайды.