ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛІ ӨТКІЗІЛДІ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «XXI ғасыр жастары: музей кеңістігіндегі жаһандандырушы әлем жағдайындағы ұлттық өзіндік сана» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелдің жұмысына Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті жанындағы Мемлекет тарихы институтының өкілдері, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан және Қазақстанның ғалымдары, оқытушылары, музейтанушылары қатысты.

«Жаһандану үдерісінің үдеуінің аясында өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік, азаматтық кемелдену, әлеуметтік жауапкершілік, руханият құндылықтарын қалыптастырудың маңыздылығы айқын көрінуде. Жастар санасы үшін күрестің стратегиялық маңызы бар, өйткені жастар – халықтың басым бөлігі, оның ең ұтқыр құрамдас бөлігі, ұлттың болашағы. Мемлекет Президенті Қ.К.Тоқаев жариялаған Жаңа Қазақстан идеологиясында осы мәселелерге басты назар аударылған. Бұл тақырыптың ауқымды екенін ескеріп, пікір алмасуымызды музейлер призмасы арқылы жастардың ұлттық санасын қалыптастыруға арнадық. Бүгінгі таңда музейлер бұқаралық мәдениеттің, цифрлық технологиялардың және әлеуметтік желілердің үстемдігіне қарамастан, уақыт көшіне ілесуге ұмтылып, тарихи және ұлттық жадтың бірегей сақтаушылары ретінде жастарды тәрбиелеу мен олардың кең ауқымды дүниетанымын, эстетикалық талғамын, жоғары мәдениетін мен шынайы патриотизмін қалыптастыруға өз үлесін қосуда», - деді іс-шараны ашқан Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.

«Жас ұрпақты мұражайлар, біз сақтап, оларға ұсынып тұратын мұраларымыз қызықтырады. Біз олардың қаншалықты құнды және қымбат екенін түсіндіруге тырысамыз. Қазіргі интернет тілін білетін әрбір адам сол арқылы классиктердің тілін де білуі үшін біз жастармен оларға жақын тілде сөйлесе тұрып оларға ата-баба сөйлеген тілді үйретуіміз керек. Бұл ретте мұражайлар өте үлкен және маңызды рөл атқарады. Қазақстанда тұрақты түрде өткізілетін Эрмитаж Күндерінде біз бұрыңғы ұрпақтар қалдырған мұраны қалайша өскелең ұрпаққа түсінікті заманауи тілге аударуға болатыны туралы тәжірибемізбен бөлісуге қуаныштымыз», - деді Мемлекеттік Эрмитаж директоры Михаил Пиотровский.

«Жастардың мұражай қызметі арқылы өз халқының тарихын көрнекі түрде зерделеу мүмкіндігі бар және осы тұрғыдан алғанда мұражай тарихи құндылықтар мен халықтардың рухани мұрасын жаңа ұрпаққа жеткізуші болып табылады. Бүгінде Өзбекстанда әртүрлі тақырыптық бағыттағы 1200-ден астам мұражай жұмыс істейді. Мұражайлар жұмысын жақсартуға, атап айтқанда, экспонаттарды виртуалдандыруға жіті көңіл бөлінуде. Өскелең ұрпақ экспонаттарды зерделеудің арқасында халықтардың тарихын жақсырақ түсініп, өзіндік дүниетанымын қалыптастыратын мұражайларды қуана аралайды», - деп Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі Нигинахон Шермухамедова өз баяндамасында бөлісті.

«Өскелең ұрпақтың бойында іргелі құндылықтар мен ұлттық сана-сезімді қалыптастыруды балалық шақтан бастау керек. Жастарды тәрбиелеу, өз халқына, еліне, мәдениетіне, тарихына деген сүйіспеншілікті ояту – кезең-кезеңімен, көп еңбекті қажет ететін процесс. Бірақ онсыз ұлттың болашағы болмайды», – деді Баку халықаралық мультимәдениет орталығының сарапшысы Араз Гурбанов.

Іс-шараны қорытындылаған Б.Темірболат дөңгелек үстелге қатысушыларға жастардың бойында ұлттық сана мен патриотизмді қалыптастыру мен нығайтуға музей мекемелерінің қатысуының проблемалары мен перспективалары туралы жемісті пікір алмасулары үшін алғыс білдірді.