Елбасы кітапханасында «Кемел Ел» сарапшылық клубы жұмысын бастады

Елбасы кітапханасы жастарды тоғыстыратын бірегей сұхбат алаңына айналды. Кейінгі толқын түйткілді мәселелерді талқылайды, өзара пікір алмасады. Енді белсенділер әлеуметтік маңызды жобалар мен жаңашыл идеяларға бастамашылдық танытып отыр. Жауапкершілік жүгі Елбасы кітапханасының «Кемел Ел» мәдени білім беру жұмысы және жастарды тәрбиелеу орталығы жанынан құрылған «Кемел Ел» сарапшылық клубына  жүктеледі. Оның алғашқы басқосуын ашқан Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Жапсарбай Қуанышев жобалық қызмет тасада қалмайтынын шегеледі.

1X7A2719

– Өткен жылдың тәжірибесі кейінгі толқынмен жұмыс істеу үшін жастар ұйымдарымен қоян-қолтық байланыс орнату қажеттігін көрсетті. Оның арқасында әрбір қазақстандық жастың жеке тұлғалық дамуына жол ашылады. Мәселен, Кітапхана тарапынан 2015 жылдан «Әлемді өзгертетін идеялар» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда. Оның аясында 3200-ден астам оқушы мен студент, жас мамандар екі күндік дәрістерді тыңдады. 44 жоғары оқу орнымен меморандум құпталып, жастар ұйымдарымен ықпалдастық орнатылған. Енді «Кемел Ел» сарапшылық клубының жұмысы арқылы инновациялық жобалар мықтап қолға алынбақ, - деп атап өтті ол.

Сарапшылық клуб қос бағытта дамиды: патриоттық және инновациялық.  Оның шеңберінде жастардың әзірлеген 15 жобасы өмірге жолдама алады. Олардың бірі студент Диас Шегеннің ойынан туған. «Таbys-club» жастар мен табыс кілтін тапқан қазақстандықтарды тоғыстырады. Жоба аясында тағылымды 20 кездесу жоспарланған. Оның алғашқысын белсенді жас осы аптада өткізбек.

0U3A3057

– Кейінгі толқынның өзін-өзі дамытуына және ұйымдастыруына қолғабыс ету – жобаның мәйегі. Менің қатарластарым өздерін мазалаған сауалдарды түрлі салаларда жетістікке жеткен жастарға жолдай алады. Осылайша бірі болашағын айқындаса, екіншісі жетістікке жетудің сырымен танысады, үшіншісі нақты мақсатты белгілейді, - деп жобаның жай-жапсарын Қазақ мемлекеттік заң академиясының 2 курс студенті түсіндірді.

Жалынды жас ЭКСПО-2017 еріктілер тобында супервайзер қызметін атқарады.  Бүгінде оған дайындық жұмыстары мықтап қолға алынған. 4 мыңнан астам ерікті халықаралық көрмеге тартылмақ. Әуелі ниет білдірген жастар талап үдесінен шығуы тиіс. Ал іріктеуден өткендер 1 айға созылатын даярлық курстарын тыңдайды. Олар еріктілік қызметтің негіздерін және тосын жайттарды жедел шешудің амалдарын меңгереді. Бойға дарыған дағдыларды жобалық әдіс-тәсілдер арқылы дамыту көзделген. Бұл бағытта «Кемел Ел» сарапшылық клубына артылған үміт көп.

0U3A3041

– Жастардың еріктілер және клуб қозғалысына жаппай атсалысуын қамтамасыз ету қажет. Сарапшылық клубтың жемісті жұмысы арқасында Елбасы кітапханасында қажетті әлеуметтік жобалар өмірге жолдама алады. Оған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің еріктілері де белсенді түрде тартылады. Бүгінгі басқосуымыз нақты іске көшудің алғашқы қадамы, - деп атап өтті «Зерайна» қоғамдық қорының директоры Людмила Бурлаченко.

Рустам Усинов пен Мәдина Байсманова да отбасылық жобаларын паш етті. Жас жұбайлар EXPO көрмесінің өткізілуіне атсалысып, «Мен болашақпын» қозғалысын ұйымдастырмақ. Олар келешектің ортақ бейнесін фильм арқылы ұсынуды жоспарлап отыр.

0U3A3054

– «Болашақтың бейнесін қалыптастыру» жобасын әзірледік. Әуелі биылғы қараша айында бейнебаяндар байқауын жариялаймыз. Онда әрбір қазақстандық болашағын қалай елестететінін баяндауы тиіс. Жолданған жұмыстардан фильм жасауды көздеп отырмыз. Осылайша әрбір адамға мақсатын анықтап, дамуға жол ашуға көмектесеміз, - деп жобаның ерекшелігін жас отбасы баяндады.

«Кемел Ел» сарапшылық клубы жастар саясаты саласындағы инновациялардың өзегіне айналмақ. Ол үшін жастар ұйымдары мен белсенділер бірлесе жұмылмақ.