Үстіміздегі жылдың 28 ақпанында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының дипломатиялық қатынасына арналған «Қазақстан-Ресей: болашаққа бағытталған одақтастық» халықаралық конференциясы өтті.
Іс-шараны Елбасы кітапханасының Талдау орталығы, «Север-Юг» саяси орталығы және Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қорының қолдауымен Қазақстан-Ресей сарапшыларының IQ-клубы ұйымдастырды.

Былтыр Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығын атап өткен еді. Бұл уақыттың ішінде ортақ мүддені көздеген екі елдің арасында мызғымас әріптестік қарым-қатынастар орнады. Бұл қатынастардың жылдан жылға дамып, нығая түскеніне барлық әлем куә. Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекеттердің бірі болған. Бұл елдердің қарым-қатынасы ынтымақтастықтың кең көлемді салаларында берік бекіген өзара сыйластық пен ортақ көзқарастарға негізделіп отыр. Аталмыш конференцияға Қазақстан мен Ресейдің жоғары шенді тұлғалары, саясат пен ғылым салаларының өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың атынан алғы сөзді Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының орынбасары Азамат Әбдімомынов жариялады:

– Құрметті конференция қатысушылары! Мемлекетіміздің елордасында қош келдіңіздер! Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық қарым-қатынастар тарихының ерекше кезеңінде өтіп жатқан іс-шараға қатысуға ниет танытқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Биыл Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХІ ғасырға бағдарланған Мәңгілік достық пен одақтастық туралы декларацияның 20 жылдығымен, сондай-ақ қос мемлекет арасындағы ХХІ ғасырдағы көршілік және одақтастық туралы келісімшарттың 5 жылдығымен ерекше. Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын дамытуға конференцияның қосатын үлесі зор екеніне сенімдімін. Іс-шара қарым-қатынастар көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Сіздерге сәттілікті, мазмұнды талдау мен жемісті нәтижелерді тілеймін!
Ресей Федерациясы Президенті В.В.Путин атынан алғы сөзді РФ Президентінің Шет елдермен аймақаралық және мәдени байланыстар жөніндегі басқармасының бастығы Владимир Чернов оқыды:

– Құрметті достар, сіздерді «Қазақстан – Ресей: болашаққа бағытталған одақтастық» халықаралық конференциясының ашылуымен құттықтаймын! Сіздердің кездесулеріңіз қос мемлекеттің саясаттанушылары мен дипломаттарын, қоғам қайраткерлері мен ғалымдарын, кәсіпкерлері мен журналистерін қосты. Тұлғалы қатысушылар Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасын көптен бері байланыстырып келе жатқан қарым-қатынастардың көп жоспарлы мазмұнын дәлелдеп отыр. Күн тәртібінде Мәскеу үшін де, Астана үшін де маңызды тақырыптар қозғалмақ. Олардың қатарында еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістерді ілгерілету және адами капиталды дамыту мәселелері бар. Білім беру жүйесін жетілдіру, жастарды интеллектуалды, мәдени, рухани тұрғыдан дамытудың жағдайларын жасау іспетті мәселелер де өзекті болмақ. Осы орайда игі дәстүрге айналған Ресей мен Қазақстан арасындағы достық, одақтастық қарым-қатынасты кейінгі буынның сақтап, нығайтқаны аса маңызды.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Тимур Шаймергенов бізбен пікір бөлісті:


– Біз зайырлы мемлекет болсақ та өзара ынтымақтастығымыздың мәнін жоғары бағалаймыз. Біздің мемлекеттеріміздің арасында орнаған түрлі бағыттардағы тығыз әріптестігімізді одан әрі нығайтуға деген мүмкіндігіміз жетерлік. Бүгінде біз тату қарым-қатынастағы көрші мемлекеттер ғана емес, сондай-ақ басқа да көршілес мемлекеттерге үлгі боларлық ұстанымдамыз. Қазақстан мен Ресей ҰҚКҰ, ШЫҰ, ЕАЭҚ сынды көптеген аймақтық қауымдастықтарда маңызды орын алады. Осындай тарихи тәжірибемізді болашақ ынтымақтастықтың әлеуеті ретінде бағалауымыз қажет, - деді Тимур Төлегенұлы.
Еуразиялық экономикалық комиссияның Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Татьяна Валовая да мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасқа бағасын берді:
– Қазіргі уақытта Ресей мен Қазақстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың мәні терең болып отыр. Ол, өз кезегінде еуразиялық жобаның негізіне айналды. Еуразиялық интеграция әлеуетін жүзеге асыру – алдағы уақытта біздің басты міндетіміз болмақ. Әлемнің тез өзгеріп отыратынын ескерсек, ғылыми-технологиялық, әлеуметтік-экономикалық, геоэкономикалық салаларда туындайтын сын-тегеуріндерді бірлескен мемлекет қана жеңе алады, - дейді ол.
Конференцияның пленарлық отырысы мен үш сессиясы аясында халықаралық деңгейдегі екіжақты ынтымақтастықтың мәселелері, еуразиялық интеграция мен Қазақстан-Ресей қатынастарының адами өлшемі мәселелері қарастырылды.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов өз сөзінде:
– Бүгінгі сессиямыздың көкейкесті тақырыпқа арналып отырғаны рас. Еуразия қазір белсенді трансформация кезеңін кешіп жатыр. Мұндай кезең қауіпсіздікке қатысты бұрыннан белгілі, сондай-ақ су жаңа қатерлердің рецидивіне толы. Ал аталмыш мәселелерді екіжақты үлгіде талқылау қолданбалы сипатқа ие. Қазақстан мен Ресей арасындағы одақтастық қарым-қатынастар қос мемлекеттің өзге де елдермен көп жоспарлы, өзара тиімді байланыстарын сипаттайды. Бұл қатынастар Еуразиядағы ынтымақтастықтың кооперативті, интеграциялы үлгілерінің діңгегі болып отыр. Мұндай ықпалға жоғары баға бермей қою мүмкін емес. Бүгінде Қазақстан мен Ресей – көптеген аймақтық үдерістерге әсер ететін мықты серіктестер. Жаңа халықаралық өзгерістер дәуірінде екі мемлекеттің бірге алға ұмтылуы жөн. Ал екі елдің, қос ұлт Көшбасшыларының мұны ұғынуы аса маңызды, - деді.
Пленарлық отырыс пен сессиялар арасында қазақстандық домбырашы Андрей Фендриков пен Ресей азаматтары Гүлжан Жүнісова, Нұрлан Сүндетов есімді студенттердің орындауында музыкалық нөмірлер қойылды. Отандасымыз Андрей қазақ халқының жүрегінен орын тапқан «16 қыз» әнін орындап, әзіл-қалжыңға толы әуеннің Ұлы Отан соғысы жылдарында батырлардың көңілін аулағанын атап өтті. «Қазақстан мен Ресей шекараларымен ғана емес, маңызды тарихи оқиғалары мен мәдениеттерімен тығыз байланысты», - деп белгіледі ол.

Конференция барысында екі мемлекет пен бүкіләлемдік қауымдастық үшін маңызды тақырыпта 40-қа жуық баяндама оқылды.