2015 жылғы 30 наурызда Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында «Бейбітшілік пен жасампаздық диалогі» атты Қазақстан мен Ресей зиялылары форумының отырысы өтті. Іс-шараны «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» мемлекеттік мекемесінің қолдауымен «Қазақстан азаматтық альянсы», «Еуразиялық мониторинг» талдамалық зерттеулер орталығы (Қазақстан Республикасы), «Север-Юг» саяси орталығы (Ресей Федерациясы), «Еуразиялық зерттеулер институты» даму қоры (Ресей Федерациясы) ұйымдастырды.
Форумға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, үкіметтік емес сектор басшылары, ғалымдар, ардагерлік және жастар ұйымдарының өкілдері, сонымен қатар РФ Мемлекеттік Думасының депутаттары, тележурналист және саясаттанушы М.Л. Шевченко, РФ Қоғамдық палатасының мүшесі Г.В. Федоров, «Север-Юг» саясаттану орталығының атқарушы директоры Ю.В. Якушева, М.В.Ломоносов атындағы ММУ әлемдік саясат факультетінің профессоры А.С. Барсенков, РУДН филология факультетінің деканы Виктор Барабаш және Ресей ғылым, білім мен қоғамдық салаларының бірқатар өкілдері қатысты.
Кездесу қатысушылары азаматтық институттар арасындағы екіжақты даму мен қоғамдық өмірдің түрлі салаларында бірлескен жобаларды дамыту перспективаларын талқылады. Форумның маңызды мәселелерінің бірі – 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының оқиғаларын тарихи бұрмалауға және оның қорытындыларын қайта қарау ұмтылыстарына қарсы тұру, сонымен қатар 28 сәуірде Мәскеуде өтетін «Бірлікпен жеткен Ұлы Жеңіс» атты халықаралық Жеңімпаздар форумының дайындығы.
Форум аясында «Ұлы Отан соғысын зерделеу – ұрпақтар диалогінің негізі» конференциясы өтті.

«Қазақстан Азаматтық альянсы» жетекшісі Нұрлан ЕРІМБЕТОВ форумды ашу барысында былай деп атап өтті:
- 2015 жыл ТМД елдері үшін, ең алдымен, Ұлы Жеңіс мерейтойымен байланысты. Сондықтан екі өзара бауырлас мемлекет зиялыларының алғашқы форумының отырысы Ұлы Отан соғысын түрлі аспектіден талқылауға арналады. Бұл – тарихты бұрмалауға қарсы тұру мәселелері, бірлескен зерттеу еңбектерін және Ұлы Отан соғысы тарихына қатысты, жастарды ардагерлер өнегесімен отансүйгіштікке тәрбиелейтін оқулықтар шығару жайы. Қазақстан мен Ресей зиялылары форумының аса маңызды міндеттерінің бірі – біздердің елдерімізде ықпалдастық жобаларын дамыту бойынша, соның ішінде гуманитарлық сала бойынша да, объективті жағымды қоғамдық пікір қалыптастыру. Форумға депутаттық корпус, екі елдің атқарушы билігі органдарының өкілдері қатысуын біз қысқа мерзім ішінде сөзден іске көшудің мүмкіндігі деп есептейміз. Яғни, осылайша екі елдің азаматтық қоғамы өкілдерінің ауқымды жобаларын тәжірибе жүзінде іске асыру мүмкін болмақ.
Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Бағлан МАЙЛЫБАЕВ, өз сөзінде, Форумның Қазақстан халқы Ассамблеясының жылымен және Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығымен тұспа-тұс келген символизміне назар аударды, Еуразиялық экономикалық одақ қазақстандық-ресейлік ынтымақтастықтың сенімді тірегі екеніне тоқталды.
Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының депутаты Андрей ТУМАНОВ өз сөзінде былай деді:
- Думада біз Нұрсұлтан Әбішұлының реформаларын мұқият зерттедік. Біздің алдымызда тұрған міндеттер бірдей. Бұл дегеніміз – біздерде де, сіздер де әзірге жеткілікті күшке ие емес азаматтық қоғамды нығайту жайы; бұл дегеніміз – әкімшілік реформалар және басқа да біздің елдерімізді қуатты ете түсер көптеген мәселелер. Ал біз достық жағдайында өмір сүрсек, студенттер алмассақ, сауда-саттық жасасақ, технологиялармен, ең бастысы, тәжірибемен бөліссек, бір-бірімізден үйренсек, біз барған сайын қуатты бола түсеміз. Әрине, бәрін бірден жақсы ете салу ешқашан мүмкін емес.
Форум қатысушылары Қазақстан Республикасы Президентінің дана саясатының арқасында экономикалық тұрғыдан қуатты, саяси тұрақты мемлекет ретінде дамып жатқанын, ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі қалыптасуна байланысты Қазақстанның халықаралық ауқымдағы беделі жылдан жылға артып отырғанын атап өтті.
Форум қатысушысы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының геосаяси және өңірлік зерттеулер қызметінің жетекшісі Әділ ҚАУКЕНОВ іс-шараның маңыздылығына тоқталды:
- Бүгін мұнда тарихи оқиға орын алуда. Біздің елдеріміздің серіктестігі болашақ үшін аса маңызды. Қазақстан мен Ресей – экономикалық серіктер әрі одақтастар. Бүгінгідей бірлескен кездесулер арқылы біз қоғамның түйіткілді мәселелерін талқылап, оның шешімдерін табамыз. Бұл бүгінде өте маңызды.
Талқылау біткенней кейін тұрақты түрде жұмыс істейтін диалог алаңы ретінде Қазақстан мен Ресей зиялылары Форумын құру туралы декларацияға қол қойылды.

