2017 жылғы 28 қыркүйекте Елбасы кітапханасында «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» семинар-тренингінің тыңдаушылары – Тараз бен Семей жоғары оқу орындарының студенттерін марапаттау рәсімі өтті.
Екі күндік іс-шара бағдарламасы мазмұнды болды. Дәріс тыңдаған жас көшбасшылар практикалық сабақтарға, пікірсайыс пен тренингтерге қатысып, топпен жұмыс істеу қабілеттерін арттырды.


Сертификаттарды табыстау рәсімін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова ашты:
– Елбасы кітапханасында өткен екі күндік семинар-тренингтің нәтижесі ретінде сіздердің жаңа оймен, жаңа мақсаттармен қайтқандарыңызды қалаймыз. Өзін-өзі дамыту, білім мен еңбекке құштарлық, алға ұмтылыс секілді қасиеттердің көмегімен ғана биік белестерді бағындыруға болатынын түсінген абзал. Елбасы кітапханасы мен оның Музейінде ұсынылған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірбаяны бұл сөздерге дәлел, - деді Ботагөз Мұттахиденқызы.

Семей қаласы Шәкәрім атындағы Мемлекеттік университетінің ректоры Мейір Ескендіров:
– Аталмыш семинар-тренинг тәуелсіз Қазақстан жылдары мен егеменді еліміздің көпғасырлы тарихына шолу жасатқызады. Елбасы кітапханасы – білім мен ғылымның ордасы. Кітапхана табалдырығын аттаған әр адам Мемлекет басшысының идеяларын терең ұғынып, қанаттанып қайтады. Себебі, кез келген жетістік идеядан бастау алады. Өмірдегі басты дүниелердің бірі де идея. Ол адамның бойындағы икемі мен қасиеттерін дамытады. Елбасымыз көптеген жаһандық, ірі ауқымдағы идеяларды алға тартты. Оның бастамалары елімізді жаңа белестерге жетелейді, - деп пікір білдірді.

– 1995 жылы, Абай Құнанбайұлының 150 жылдығында, Мемлекет басшысы Абай музейін аралап, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» деген жазуын қалдырған болатын. Бұл кәдесыйға Елбасы кітапханасы экспозицияларынан орын табылатынына сенімдімін, - деп Мейір Ғариполлаұлы Кітапхана қорына бағалы сыйлықты тарту етті.
Семинарға жоғары бағасын берген Жанна Жарасбаева да пікірімен бөлісуге асықты:

– М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті жастарының Елбасы кітапханасы семинар-тренингтеріне деген сұранысы қашан да жоғары. Осы ретте «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» семинар-тренингіне университетімізден арнайы іріктелген 25 студент келіп отыр. Олардың барлығы оқуда, қоғамдық жұмыстар мен мәдени іс-шараларда өз білімдерін жоғары көрсете білген жандар. Бұл студенттердің қызығушылығын «Әлемді өзгертетін идеялар» семинар-тренингіне қатысып келген көшбасшылар тудырды. Қос семинардың қатысушылары Елбасы кітапханасында жиып-терген біліммен бөлісуге ниетті. Олар «бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі Ұлт жоспары – 100 нақты қадам», «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі іспетті түсініктерді дөңгелек үстел отырыстарында, пікірталас пен кездесулер барысында ортаға салып, олардың ұғымы мен маңыздылығын тыңдаушыларға жеткізуді мақсат тұтады. Өткен жылы Елбасы кітапханасының қонағы болған бірнеше жас сол тәжірибелері мен талпыныстарының арқасында көзге түсіп, биыл мемлекеттік мекемелер тарапынан жұмыспен қамтылып отыр. Сол себепті де елімізде бұл үлгідегі семинар-тренингтер көптеп өткізілуі тиіс. Олардың көмегімен жастар бойындағы көшбасшылық қасиеттерді ашып қана қоймай, жаңа мақсаттарға ұмтылып, жеңістерге қанаттанады, - деді М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Әлеуметтік және тәрбие жөніндегі бөлім басшысы Жанна Жарасбаева.

Семинар-тренинг тыңдаушыларына «Біздің Президент» кітабы мен естелік сыйлықтар таратылды. Бұл семинардың аяқталуына қарамастан жұмыс әлі де жалғасып жатыр. «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» семинар-тренингінің кезекті тыңдаушылары Алматы, Павлодар, Қостанай қалаларының студенттері болмақ.