Бүгін Елбасы кітапханасында құрылған Ғылыми кеңестің алғашқы отырысы өтті. Оған Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, Ғылыми кеңес төрағасының орынбасары Әмірхан Рахымжанов жетекшілік етті.


– Елбасы кітапханасында ғылыми жұмыстарды үйлестіретін алаңға айналған қажетті орган құрылды. Қолға алынатын жұмыс күрделі, өте маңызды әрі жауапкершілігі үлкен. Бұл бағытта ғылыми ізденістер мен зерттеулердің нәтижелігі жоғары болып, жастар арасында кеңінен кәдеге жаратылатынына сенемін, - деп атап өтті Әмірхан Мұратбекұлы.

Күн тәртібінде жұмысты ұйымдастыруға байланысты 10 мәселе пысықталды. Әуелі алқалы органның басты құжаты – ережесі бағамдалды.
– Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Ғылыми кеңесі туралы Ереже 6 бөлімнен тұрады. Оған сәйкес алқалы органның басты мақсаттары – мекеменің барлық бағыттағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-білім беру, ғылыми-әдістемелік және ғылыми-талдау жұмысын жетілдіруге, қазақ мемлекеттілігін қалаған Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың көшбасшылық феноменін, теориялық әзірлемелерін, саяси тәжірибесін зерделеу және пайымдау бойынша ғылыми зерттеулерді кешенді түрде дамыту. Оның аясында Кітапхананың бірнеше құрылымдық бөлімшелері бірлесе еңбек етеді, - деп атап өтті Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, Ғылыми кеңестің мүшесі Ботагөз Қайыпова.

Отырыс барысында Ғылыми кеңестің құрамы, оның 2017 жылға арналған жұмыс жоспары бірауыздан құпталды. Айқындалған мақсат-міндеттерге сәйкес ауқымды жұмыстар қолға алынбақ. Биылғы жылдың өзінде ғылыми ізденістер мен зерттемелерді бір арнаға тоғыстыратын басылымдар жарық көреді. «Қазақстан: бірлік пен татулық мекені» альбомы, «Алғыс айту күні – Қазақстан халқы бірлігінің нышаны», «Президенттік институт – Қазақстан Республикасында мемлекеттіліктің қалыптасу факторы» еңбектер жинағы, «Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы» библиографиялық ұсыныстық нұсқаулығы, «Н.Ә. Назарбаевтың ғылым мен білім беру саласындағы қоғамдық наградалары» ақпараттық-аңықтамалық құралы – оның бір парасы.
Жиын барысында сөз алған Ғылыми кеңестің хатшысы, Баспа және жұртшылықпен байланыс қызметінің аға сарапшысы Гүлден Қарағизова қызметкерлердің ғылыми тұрғыда жұмыла еңбек ету және олардың жұмысын жаңа сапалық деңгейге шығару жайын қозғады. Бүгінде барлық білім беру, ағарту және зерттеу бағытындағы ғылыми жобалар бірыңғай «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев: мемлекеттік басқару стратегиясы және көшбасшылық феномені» ғылыми бағдарламасына біріктіру жұмыстары қолға алынды. Оның аясында дайындалған қос басылымды қарастырған Ғылыми кеңестің мүшелері баспаға ұсынды.

Отырыс барысында бәтуалы пікірлер, пайымды ұсыныстар ортаға салынды. Күн тәртібіндегі барлық ұйымдастырушылық мәселелер өз шешімін тапты.