ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА ЕҢБЕК МИГРАЦИЯСЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

26 ақпанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Миграцияның әлеуметтік-экономикалық салдары: мигранттардың қорғансыздығы және Орталық Азияға интеграция қажеттілігі» тақырыбында жоғары деңгейдегі өңірлік «дөңгелек үстел» өтті. Аталған іс-шараны Елбасы кітапханасының Талдау кешені Орталық Азиядағы Көші-қон халықаралық ұйымының (КХҰ) субөңірлік Үйлестіру кеңсесімен бірлесіп ұйымдастырды.

0U3A9259

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов: «Бүгінгі таңда Қазақстан да көптеген елдер секілді жұмысқа орналасуға квоталау мен рұқсат беру жүйесін қолданады. Біздің елдің жұмыс берушілері соңғы үш жылда квотамен жылына орташа есеппен 30 мың шетелдік маманды тартқан. Бұл ел тұрғындарының экономикалық белсенді 0,3% құрайды» деп атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстанда әлемнің 100-ден астам елінің өкілдері еңбек етеді. Біздің республикамызға еңбек етуге негізінен ҚХР, Түркия мен Үндістаннан мамандар келеді екен.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Тимур Шаймергенов дөңгелек үстелдің мақсаты мен міндеттері туралы айта келе:

- Еуразияда геоэкономикалық және саяси жағдай динамикалық тұрғыда өзгеріп келеді. Біз көріп отырғандай адамдар көші-қон бағытын өзгертіп, басқа елдерден жұмыс іздейді. Қазақстан да мигранттарды қызықтыратын елдердің бірі. Сондықтан бүгінгі шараға Бас прокуратура, Көші-қон полициясы, ІІМ өкілдерін, дін көшбасшыларын, этникалық қауымдастықтардың көшбасшыларын шақырдық. Осы ретте біз мигранттарды қабылдауға, оларды біздің қоғамға бейімдеуге дайынбыз ба және миграциялық ағынды реттеу үшін не істеу керек деген мәселелерге терең талдау жасауымыз қажет. Қазіргі күні біздің алдымызда осы адамдарды таза экономикалық кеңістікке шығару міндеті тұр. Тиісінше, Қазақстанда әлеуметтік ахуал тұрақты болуы үшін олар салық төлеп, заңды түрде жұмыс істеулері керек», - деді.

0U3A9258

Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Ақмади Сарбасов:

- Қысқа мерзімді перспективадағы сыртқы еңбек көші-қоны өсімінің болжамын жасай отыра осы тенденцияларды ескере келе олардың проблемаларын шешуге терең ойластырылған амалдар қажет екенін түсінеміз. Осы орайда мигранттар құқықтарын қорғауға ынталандыратын және көмектесетін Үкіметтің іске асырып жатқан көші-қон саясаты біз таңдаған бағыттың дұрыс екендігін көрсетеді, - деді.

0U3A9301

Дөңгелек үстел жұмысында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан сарапшылары көші-қон саясатының жағдайы, проблемалары мен даму перспективалары туралы баяндама жасап, мигранттар интеграциясы, олардың құқықтары, миграциялық үрдістердің экономика, қоғам мен қоршаған ортаға әсер ету деңгейі мәселелерін талқылады.

Орталық Азия бойынша үйлестіруші, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Өзбекстандағы КХҰ Миссиясының басшысы Деян Кесерович:

- Қазақстанда көші-қон саясаты сәтті жүзеге асуда және басты бағдарламалық құжаттар – «Қазақстан - 2050» Стратегиясы және Бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың «100 нақты қадамы» Ұлт жоспарына сәйкес дамып келе жатыр. Конференцияда екі үлкен тегеурінді талаптар көтерілді. Оның біріншісі - «Қазақстан - 2050» Стратегиясында айтылған 10 тегеурінді талаптар. Оларды шешу жолдарын қарастыруымыз керек. Екінші тегеурінді талаптар – жаһандық демографиялық дисбаланс. Бұл мәселені алғаш болып Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев көтерді. Сіздердің елдеріңізге келетін мигранттар саны қомақты, себебі Қазақстан эмигранттар үшін тартымды. Басқа елдермен салыстырғанда, Қазақстанда дағдарыс жоқ деуге болады. Сондықтан Қазақстан – мигранттар баратын ел. Миграциялық ағындарды реттеуде Қазақстаннан үлгі алуға болады, - деді.

0U3A92909