ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА ЕЛОРДАЛЫҚ КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТТЕРІ ОҚУДЫ БАСТАДЫ

18 қазанда Елбасы кітапханасында елорданың Политехникалық және Гуманитарлық колледжінің студенттеріне арналған кезекті «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» семинар-тренингі өз жұмысын бастады. Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру деңгейіне аса назар аударылады. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында және өзге де стратегиялық құжаттарда айтылады. Студенттерге білім және тәрбие беру сапасын арттыруға  Елбасы кітапханасы да ықпал етуде.

Бұл курстың мақсаты – жаңа буынның жоғары білікті және бәсекеге қабілетті мамандарын, жоғары деңгейлі ұлттық және тарихи санасы қалыптасқан, мемлекетіміздің тұрақтылығын, тәуелсіздігін, қауіпсіздігін сақтауда шешім қабылдай алатын, өзге мәдениет өкілдерімен тиімді қатынас жасауға қабілетті қоғамның әлеуметтік белсенді мүшелерін тәрбиелеу.

Жастар өздерінің алғашқы әсерлерімен бөлісті.

Забава Попова, Астана қаласы Политехникалық колледжінің 2 курс студенті:

– Тренингтің теориялық бөлімінде Қазақстан тарихының тың деректерімен танысып, ал тәжірибелік бөлімінде тұлғаралық байланыс орнатудың жаңа әдістерін үйрендік. Тренингке қатысқан бірде-бір оқушы тыс қалмады, түгелдей атсалысты.

Сандуғаш Тасболат, Астана қаласы Гуманитарлық колледжінің 2 курс студенті:

– Елбасы кітапханасында алдымен дәріс тыңдадық, сосын тренингке қатыстық және бізге арнайы экскурсия жүргізілді. Біз Президентіміздің жасампаз бастамалары, мемлекеттік бағдарламалар туралы көптеген қызықты ақпараттар алдық. Тренингте дәрістен алған білімімізді бекіттік.

Шәмші Бақтылы, Астана қаласы Политехникалық колледжінің 2 курс студенті:

– Мен Елбасы кітапханасына келгеніме өте қуаныштымын. Мұнда біз еліміздің терең тарихы, Елбасымыздың қызметі туралы бұған дейін беймәлім болған ақпараттарды тыңдап, жаңа білім алдық. Болашақ Қазақстанның жарқын құрылысына бағытталған бағдарламалармен таныстық. Бүгінгі алған біліміміз болашақ кәсіби қызметімізге қажет болатыны сөзсіз.