Елбасы кітапханасында еліміздің жастары және қырғыз студенттері білім көкжиегін кеңейтті

8-9 ақпандағы екікүндік «Әлемді өзгертетін идеялар» семинар-тренингіне Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті мен Б.Ельцин атындағы Қырғыз-Ресей славян университетінің студенттері қатысты.

Қырғыз Республикасынан келген қонақтар тренингтің алғашқы шетелдік қатысушылары екенін айта кеткен жөн.

0U3A6539

– Биыл Елбасы Кітапханасында коучинг әдісіне негізделген семинарлардың жаңа және заманауи үлгісі сыналды. «Әлемді өзгертетін идеялар» жобасының басты мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тұжырымдамалық идеялары мен жаһандық бастамаларын түсіндіру және дәріптеу. Бүгінде семинарларға қазақстандық тыңдаушылармен қатар ТМД елдерінің өкілдері де қызығушылық танытуда, - деп жобаның мақсатына Елбасы Кітапханасы директорының орынбасары Жапсарбай Қуанышев тоқталды.

Шетелдік тыңдаушылардың бірі – Б.Ельцин атындағы Қырғыз-Ресей славян университетінің 4 курс студенті Ислам Айдарканов алған әсерлерімен бөлісті.

0U3A6547

– Қазақстанға тәнті болдым. Көршілес мемлекетте көрген қызық идеяларды өзімнің елімде жүзеге асыруға асықпын. Қысқа уақыт аралығында Қазақстан өз тұрғындарын ғана емес, өзге елдердің азаматтарын да қанаттандыратын жарқын жетістіктерге жетті. Меніңше, осы іспетті тренингтер үлкен тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Қазақстандық студенттермен араласып, жергілікті жоғарғы оқу орындарында студенттік ректор және студенттік декан болатынын білдім. Оның арқасында нағыз көшбасшы тәрбиеленеді, тұлғаға шығармашылық еркіндік беріледі. Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарында студент үлкен құрметке ие деген пікір қалыптасты, - дейді бауырлас мемлекеттің өкілі.

0U3A6581

Топ жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің аға оқытушысы Элизат Тұрсынова да өзінің пікірін ортаға салды. «Астанаға сапар қырғыз жастарына үлкен әсер қалдырды. Олар Қазақстан Астанасының ажарына және семинар-тренингтің жоғарғы деңгейде өткізілуіне тәнті болды», - дейді ол.

«Әлемді өзгертетін идеялар» семинар-тренингі тыңдаушыларының қатарын қырғыз студенттері қалай толықтырғаны туралы Кітапханадағы Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші сарапшысы Күнсұлу Исинова баяндады:

1X7A5731

– Өткен жылдың желтоқсан айында Елбасы кітапханасында өткен «Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылдығы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті Деректану, тарихнама және тарихи ақпаратнама кафедрасының меңгерушісі Шайыркүл Батырбаева қатысқан. Ол біздің семинар-тренингтерімізге асқан қызығушылық танытты. Кейін Шайыркүл Батырбаева бізге хат жолдап, Қырғызстанның ең үздік студенттерін Елбасы кітапханасындағы шараға қатыстыру ниетін білдірді. Енді іріктелген көшбасшылар бүгінде қазақстандық студенттермен пікір алмасу мүмкіндігіне ие болып отыр.

0U3A6598

Биыл Елбасы Кітапханасындағы семинар-тренингтерге еліміздің 14 аймағынан, Астана мен Алматы қалаларынан оқушылар мен студенттер қатысады. Сонымен қатар шетелдіктермен де келіссөздер жүргізілуде.
– Біз үлкен қалалардан гөрі шалғайдағы елді мекендердің жастарын тартуға басымдық береміз. Онда дарынды, білімді балалар көп. Елбасының идеялары мен бастамаларын әрбір жасқа жеткізу – біздің басты мақсатымыз, - деп шегеледі Күнсұлу Серікқызы.
Келесі аптада семинар-тренинг батысқазақстандық және шығысқазақстандық 50 оқушыны тоғыстырмақ.

0U3A6920