ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА «ЕЛ ҮМІТІН ЕР АҚТАР» КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

28 сәуірде Елбасы кітапханасында Отан қорғаушы күні мен Жеңіс күніне арналған кездесу өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы Сұлтан Қамалетдинов, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов, генерал-лейтенант Абай Тасболатов, генерал-лейтенант Николай Поспелов, генерал-лейтенант Мұрат Майкеев, контр-адмирал Ратмир Комратов, генерал-майор Владимир Шацков, генерал-майор Мүслім Даиров, генерал-майор Жиентай Сандыбаев, генерал-майор Геннадий Носоновский, генерал-майор Уәли Еламанов қатысты.

Кездесуге жоғары әскери оқу орындарының курсанттары, Қазақстанның әскери бөлімдерінің, ҚР ҚМ Кадет корпусының әскери қызметшілері және «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының қатысушылары бейнеконференц-байланыс арқылы қосылды.

– Бүгінгі басқосуымыздың Қауіпсіздік Кеңесінің отырыс залында өтуінің символдық мәні бар. Осы алғашқы резиденцияда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстары өткізілді. Алдағы екі атаулы мереке – Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс күні қарсаңында біз Отанға қызмет етіп, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсету үшін жиналып отырмыз. Ел Президенті Қ.К. Тоқаев атап өткендей: «Айбынды армиямыздың даңқты дәстүрі кең-байтақ жерімізді жанқиярлықпен қорғап қалған батыр бабаларымыз бен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің өшпес ерлігінен бастау алады. Бүгінде әскеріміз Тәуелсіз Қазақстанның берік қалқаны ретінде жауынгерлік шеберлік пен асқақ рухтың озық үлгісін көрсетіп келеді», – деп атап өтті өзінің алғысөзінде Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.

– Отан қорғаушылар күні мерекесінің Ұлы Жеңіс күні қарсаңында аталып өтілуінің символдық мәні бар. Бұл Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен Отан қорғаушылар арасындағы әскери дәстүрдің сабақтастығын көрсетеді. Жас оғландар аға буыннан ерлік, төзімділік, шыдамдылық, кәсіпқойлық, Отанға деген сүйіспеншілік және басқа да адами әрі кәсіби қасиеттерді үйренеді, – деді өз сөзінде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев. Ол Елбасы кітапханасының басшылығына осы іс-шараны өткізуге мүмкіндік бергені және бастамашылығы үшін алғысын білдіріп, Қазақстанның жаңа тарихи оқиғаларын баяндау мен жастарды патриоттық тәрбиелеудегі кітапхананың рөлін атап өтті.

– Биыл біз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Сол күннен бастап бүгін осында отырған ол кезде капитан, майор болған генерал әріптестерім біздің Тұңғыш Президентіміз, Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен егемен еліміздің алғашқы Қорғаныс министрі, Ұлы Отан соғысының батыры Сағадат Нұрмағамбетовпен иық тіресе қызмет етті.  Бізге, сол кездегі жас жігіттерге, дивизиялар мен полктер сеніп тапсырылды, біз ең қиын уақытта жұмыс істедік. Біз елдің болашағына сеніп, елмен, халықпен бірге осы даңқты жеңістер мен жетістіктерге жеттік. Елбасы кітапханасы мен Қорғаныс министрлігіне Қарулы Күштер ардагерлерінің кездесуін ұйымдастырғаны үшін және осы іс-шараның дәл осы жерде, біз үшін естелікке толы залда өтіп жатқаны үшін көп рахмет, – деді генерал-лейтенант, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев.

– Жастар – қоғамның қозғаушы күші ғана емес, елдің тірегі, мемлекеттің ең белсенді бөлігі. Иә, жастар – қозғаушы күш, жастар – елдің ертеңі. Олардың жасампаздыққа ұмтылысы, білім шыңына өрмелеп, елге қосар үлесі – жарқын болашақ кепіліне айналмақ. Кешегі ел рухын көтеріп, намысын жаныған, ұлтына тіреу, еліне жебеу болған біртуар тұлғалардың өнегелі өмірінен үлгі алып, білек күшімен емес, білім күшімен жарысқан заманның алды болуға ұмтыламыз, – деді «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушісі Диас Мәуленбердиев.

 

Кездесуге қатысушылар Қазақстанның әскери-саяси стратегиясының өзекті мәселелерін, еліміздің доктринасына сәйкес келетін әскердің жаңа тұрпатын құру жолдарын ортаға салып, ел тарихындағы ерліктерге тоқталды.

Іс-шара барысында қонақтарға «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қалыптастырудағы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың рөлі» тақырыбында бейнеролик көрсетіліп, Елбасы кітапханасы музейінің экспозициялары бойынша экскурсия өткізілді.