2018 жылғы 31 қазан күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Түркі әлемінің 100 тұлғасы» бастамасы мен елімізде табысты жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) басып шығарған Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-Тауарих» көптомдық кітабы мен Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» атты екі томдық еңбегінің тұсаукесері өтті.

Ауқымды шараны Елбасының кітапханасы мен Халықаралық Түркі академиясы бірлесіп ұйымдастырды.
Басылымның тұсаукесеріне «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, қоғамдық қайраткерлер, ғалымдар, мемлекеттік органдардың өкілдері және т.б қатысты.
Мәдени шараны ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарыққа шыққан басылымдардың ерекшеліктеріне тоқталып, кітап авторларына алғысын білдірді.

– Бүгін Елбасының кітапханасында өте маңызды шара өтуде. Рашид ад-Диннің «Жамиғат-ат тауарих» атты кітабының алғаш рет қазақ тіліне аударылуын – тарихи оқиға деп қабылдаймыз. Осы кітапты көне парсы тілінен тікелей қазақшаға аударған Зәріпбай Жұманұлына алғысымды білдіремін. Бұл еңбек – жалпы Қазақстанның тарихына, мемлекетіміздің қалыптасуына байланысты қазақ ұлтын құрған ұлы тайпалардың тарихына қатысты жаңа деректерді анықтауға, еліміздің тарихын нақтылауға мүмкіндік беретініне сенеміз.
Тұсаукесер рәсімінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов та сөз алды:

– Тәуелсіздікті сақтап, мемлекеттілікті қорғай білу қаншалықты маңызды болса, сол мемлекеттің шынайы әрі анық тарихын келер ұрпаққа жеткізе білу одан да маңызды. Өйткені, тарих – ұлттың жады. Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-Тауарих» атты кітабын таныстырып жатудың өзі артық. Бірақ бүгін қолымызға тиіп отырған жаңа басылымының жөні бөлек. Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-Тауарих» кітабын – біздің Ұлы Даламыздың шежіресін толық қамтып, кәсіби деңгейде жазылған алғашқы іргелі еңбек десек артық болмас. Сөзімнің басында атап өткенімдей, тарих – ұлттың жады! Сол жадымызда біздің рухани кодымыз жазылған. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасында: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу» деп атап айтқан. Осы орайда рухани кодымызды сақтауда мұндай тарихи еңбектердің маңызы ерекше екені сөзсіз. Сондықтан да, «Жамиғ ат-Тауарихтың» қазақ тіліндегі толық басылымы – тарихшы ғалымдар мен зиялы қауым үшін ғана емес, барша жұртымыз үшін айтулы олжа, елеулі жаңалық.
– Тарихты жазу – тарихты жасаумен бірдей маңызды. Себебі тасқа таңбаланбаған тарих өшеді немесе соны жазғанның несібесіне көшеді. Кезінде Ұлы дала төсінде айтулы із қалдырған айбарлы бабаларымыздың даңқты шежіресі ұлт жадында көмескі тартқан еді. Тәу етер тәуелсіздігімізбен бірге тарлан тарихымызбен де қайта қауышып отырмыз. Соның жарқын айғағының бірі – бүгін сіздерге танысытырылып тұсаукесері өтіп жатқан алдарыңыздағы сүбелі еңбектер. Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-Тауарих» көптомдығы мен Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» жинағы, бұл екі кітаптың екеуі де Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған ұлттық кодпен сәйкестенеді, - деген Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» Республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы, профессор Дархан Қыдырәлі Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-Тауарих» кітабын аударған Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Түріктану» ғылыми-зерттеу орталығының аға қызметкері Зәріпбай Оразбайды Халықаралық Түркі академиясы атынан күміс төсбелгімен марапаттады.

Бес томнан тұратын Рашид ад-Диннің «Жамиғат-ат тауарих» атты кітабы алғаш рет қазақ тіліне аударылды. Шыңғыс қағанның немересі Құлағу негізін қалаған Елхандар мемлекетінің бас уәзірі қызметін атқарған Рашид ад-Дин Фазлуллах Хамаданидің «Жамиғ ат-Тауарих» еңбегі 1316 жылы жазылып біткен. Аталған шығарма қадым заманнан бергі түркі тарихын, түркі тайпаларының шығу тегін, мекендеген аумақтары мен жер-су аттарын, мемлекет басқарған қағандар мен билеушілердің шежіресін қамтыған сүбелі еңбек. Бүгінде түркі халықтарының құрамына кіретін көптеген іргелі ру-тайпа атаулары, оларға қатысты аңыз-әпсаналар жинақталған туынды түркі тарихнамасындағы теңдессіз шығарма. Парсы тілінде жарық көрген туындыны Қадырғалы Жалайыри, Әбілғазы Баһадүр хан, Құрбанғали Халид, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды көптеген ғұламалар өз шығармаларында кеңінен қолданып, кітаптағы көптеген деректерді өз еңбектерінде пайдаланған. Әйгілі шығыстанушы ғалым, академик В.В.Бартольд «тарихи энциклопедиялық мұндай еңбектер орта ғасырларда әлемнің ешбір халықтарында, Азияда да, Еуропада да болған жоқ деп» жоғары баға берген аталған кітап қазақ тіліне жеті ғасырдан соң толық аударылып, жан-жақты түсініктемелерімен жарық көрді.

Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» атты қос томдығы да қазақ халқының рухани танымы мен салт-санасынан сыр шертетін бағалы еңбек саналады. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген автордың бұл шығармасының түпнұсқасы 2000 жылдың басында табылды. Еңбекте қазақ халқының салт-дәстүріне, шаруашылығына қатысты құнды деректер бар.
Кеш соңында қонақтар жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсіміне қатысты.