ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА ДИНАРА ҚАДЫРОВАНЫҢ «ҰМАЙ БЕСІК ЖЫРЫ» АТТЫ ЖЕКЕ КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

1 қазанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында суретші Динара Қадырованың «Ұмай бесік жыры» жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.

 

 

Автордың шығармашылығының шабыт көзі мен негізгі тақырыбы – әйел әлемі, ана мен бала, қазақтың дәстүрлі және түркі мәдениеті. Жеке көрмесінің тақырыбын әйелдер мен балалардың жебеушісі Ұмайға арнап «Ұмай бесік жыры» деп атаған.

Көрме Елбасы кітапханасының елдің ұлттық кодын қалыптастыратын өзіндік авторлардың шығармашылығын көрсетуге бағытталған «Тәуелсіздіктің мәдени негізі» жобасын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Іс-шара ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған.

 

«Динара Қадырованың шығармашылығы графика, кескіндеме, иллюстрация, сандық өнер сияқты әртүрлі жанрларды қамтиды. Суретші әлемінің қайнар көзі – ана тақырыбы. Сол себепті де қылқалам шеберінің суреттерінде балалар, әйелдер, табиғат бейнелері басым. «Ұмай бесік жыры» аталған көрмедегі жұмыстарға қарап Ұмай жебеушісінің шуағын сезінуге болады. Суретшінінің экология мәселелеріне, климаттың өзгеруіне, қоршаған ортаны сақтауға әрі қорғауға байланысты жаһандық өзгерістерге ерекше назар аударуы бекер емес», – деді көрмені ашқан Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.

«Қатты қобалжып тұрмын. Бұл мен үшін өте маңызды оқиға. Бала кезден осы жолға түстім. Қолдап келгендеріңізге көп рахмет. Жүрегімнен шыққан бұл  авторлық туындыларымды ана болғанымда сала бастадым. Суретші мен ананың рөлін біріктіру – басты міндетім. Картиналарым арқылы шексіз махаббатымды жеткізгім келеді. Соны сезінгендеріңізді қалаймын. Бұл – менің мәдениетке деген құрметім», – деп атап өтті Динара Қадырова.

«Динарамен 2005 жылдан бері таныспыз. Мен оның қалай өскенін, осы дәрежеге қалай жеткенін жақсы білемін. Динара – әлемге ерекше көзбен қарайтын суретші. Бұл суреттерді ол үйінде салды, сол жерден көрмеге әкелді. Сол себепті де бұл суреттер – шаңырақ шуағына шомылып шыққан дүниелер.  Оның туындыларында адами құндылықтар көрініс тапқан. Осындай керемет дүниелерді көпшілік қауымның тамашалай алатынына қуаныштымын», – деп ой бөлісті суретші, дизайнер, иллюстратор, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Әйгерім Кәрібаева.

 

Динара Қадырованың алғашқы жеке көрмесінде суретшінің сегіз жылдан бері жинаған 27 үздік жұмысы ұсынылды.

Көрме 2021 жылдың 8 қарашасына дейін жалғасады. Сондай-ақ көрме материалдарымен www.elbasylibrary.gov.kz сайтындағы «Көрмелер», «Жобалар» бөлімдеріне өтіп танысуға болады.

Автор туралы ақпарат: Динара Қадырова Алматы қаласында туып-өскен. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының көркемсурет мектебі мен колледжінде, кейін академияда білім алған. Оның жұмыстары ЮНЕСКО-ның жинақтарында жарияланған. Дарынды студент ретінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевпен жүздескен. 2012 жылы жас суретші орындаған қалалық кафенің дизайн жобасы Time out сыйлығының «Жыл жаңалығы» номинациясын иемденген. Д.Қадырованың Ұлы Жібек жолы қалаларына арналған графикалық жұмыстарының дипломдық сериясы Тұңғыш Президент күніне арналған «Астана-2013 Дизайн апталығы» фестивалінде қойылды. Сурет әлеміне ден қойған автор фотоөнер бойынша көптеген байқаулар мен көрмелерге қатысқан.