ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА БОЛАШАҚ ЖАС ҒАЛЫМДАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

23 наурыз күні Елбасы кітапханасында Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушылары – STEM ғылыми жобасы байқауына қатысушылармен кездесу өтті.

Аталған кездесу Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып, «VI Наурыз кездесулері» (Ғылым. Технология. Инжиниринг. Математика) шарасы аясында ұйымдастырылды. Елбасы кітапханасы және Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бірлескен кездесу іс-шарасына НЗМ мен республиканың жалпы білім беру мектептерінің барлығы 180 оқушысы, ғылыми жарыстар жеңімпаздары, сондай-ақ Назарбаев университеті, Ұлыбритания, Германия, Оңтүстік Корея, Ресей Федерациясының ғалымдары қатысты.    

Кездесуге келген оқушы жастар Кітапхананың «Әлемді өзгертетін идеялар» әлеуметтік жобасы аясында интерактивті білім беру кешені бойынша оқыту курсынан өтті. Елбасы кітапханасындағы интерактивті кешендер контенті Қазақстан Респбуликасының Тұңғыш Президенті – Елбасының идеялары мен бастамаларын, егеменді елімізді дамыту мен қалыптастырудағы Елбасы рөлі, тәуелсіз Қазақстан тарихын кеңірек танытуға арналған.

Шара барысында үздік ғылыми жұмыстардың авторлары өз жобаларымен таныстырды. Сонымен қатар, кездесуге жиналған талантты жастар Кітапхананың экспозициялық-көрме залына экскурсия жасады және Елбасы туралы деректі фильмді тамашалады.

[Best_Wordpress_Gallery id="20" gal_title="Проект STEM (НИШ)"]

Жас зерттеушілердің сөзінше, олардың ойлап тапқан жобаларын қоғамның пайдасы үшін бүгіннен бастап-ақ іске асыруға болады. «Менің жобам – күн электр станциясының эксперименттік моделі. Жобаның мәні энергия мен оған жұмсалатын қаражатты үнемдеуге және көбірек электр қуатын өндіруге мүмкіндік береді», - деді физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Әбіләкім Елнұр.

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Максим Маметқұлов бауырды қорғайтын және құрт ауруынан емдейтін дәрілік затты ойлап тапқан. Сондай-ақ, Қарағанды қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Элина Смағұлова мен Ольга Шитулина күйікті залалсыздандыратын дәрілік затты зертханада жасап шығарған. Олар жасыл жусаннан жасалатын эфир майынан дәрілік заттың қасиеттерін анықтап, осы дәрілік сұйықтықты кеміргіштерге қолданып, оның оң нәтижесіне көз жеткізген.

Шара соңында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДБҰ өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.