ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА – БОЛАШАҚ САЯСАТКЕРЛЕР

Келешегінен үміт күттіретін бір топ жастар Елбасы кітапханасына келді. Елордадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті саясаттану кафедрасының студенттері тәуелсіз елдің тарихынан сыр шертетін  рухани орталықты аралады.

Экскурсия барысында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті саясаттану кафедрасының 1 курс студенті Саят Сұңғатов Елбасы кітапханасы музейінің ерекшелігіне тоқталды.

«Инновациялық жаңа технологиялар пайдаланылған заманауи музейді асықпай араладым. Әсіресе, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  балалық шағынан бастап егемен еліміздің қалыптасуына қосқан таптырмас жетістіктерімен жете таныстым. Келген сайын одан бұрын байқамаған дүниелерді аңғарамын. Меніңше, бұл жердегі бір залдың өзіне бір күн жетпейтіндей көрінеді. Өйткені  мұндағы әр жәдігер ерекше, тарихы да терең түсінген адамға», - деп ой бөлісті ол.

Болашақ саясаткерлер  музейдегі түрлі экспозициялардың интерактивтілігі мен көркемдік сипатына ерекше назар аударды. «Жаһандық көшбасшы жолы» экспозициясында жастар әңгіме өрбітіп, Елбасының сарабдал саясаты туралы пікір алмасты.

Еліміздің Батыс өңірінен келіп, елордада білім алып жүрген Бану Сегізбаева жаңа музейде заманауи технологиялармен жасалған дүниелердің барлығы  ұлттық нақышпен ұштасқанын тілге тиек етті.

«Музейге кірген сәттен бір ертегі әлеміне енгендей күй кешесің. Экскурсия жетекшілерінің қазақтың оюларымен көмкерілген жарасымды киімдері мен жылы жүздеріне қарап жаның жадырап сала береді. Елбасының балалық шағынан бастау алатын залдың өзінде бір жылылық бар. Ата-анасының ақ батасын алып, жеті атасын жатқа білетін жаннан болашақта елдің қамын ойлайтын адам шығатынын да осы залды аралап жүріп түйсіндім. Ерекше форматта, түрлі технологиялармен жабдықталған  жаңа музейдің ұлтымыздың ою-өрнегімен әдемі безендірілгені де көңілге қуаныш ұялатты. Бұл, әсіресе шетелдік қонақтарға  мемлекетіміздің тәуелсіздік тарихы мен  жұртымыздың жауһарларын жарқырата көрсететін жер екен», - деді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті саясаттану кафедрасының 1 курс студенті Бану Сегізбаева.