ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ ЕРЛАН САҒАДИЕВ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДА ЖЕҢІМПАЗДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

13 желтоқсанда Елбасы кітапханасында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев халықаралық олимпиада жеңімпаздарымен кездесті.

Қазақстанның барлық өңірлерінен 40 оқушы – жаратылыстану-математика бағытының пәндері бойынша халықаралық олимпиада жеңімпаздары министрмен бейресми түрде кездесіп, әңгімелесу мүмкіндігіне ие болды.

– Біз Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында ерекше орталық – Елбасы кітапханасында жиналып отырмыз. Сіздерді осы үлкен мерекемен құттықтаймын! Баршаңызға болашақ жетістіктер мен биік жеңістер тілеймін! Оқыңыздар, талпыныңыздар, еңбектеніңіздер. Біз сіздермен үнемі мақтанатын болайық, – деді алғы сөзінде Ерлан Кенжеғалиұлы.

«Адам-Жер-Ғарыш» қоршаған ортаны қорғау мәселелері ғылыми-зерттеу жобалары бойынша Бүкілресейлік олимпиадада екінші орын алған Ақмола облысы білім басқармасының «Астана қаласы, дарынды балаларға арналған №2 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының» 10-сынып оқушысы Аслан Кингушанов Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен министрге білімін сынап, өзін көрсетуге мүмкіндік жасағандары үшін алғысын білдірді. Болашақта әскери қызметкер болуды армандайтынын, барлық күш-жігері мен білімін Отанын қорғауға және дамытуға жұмсайтынын айтты.

– Екі жыл бұрын менің өмірімде түбегейлі өзгеріс болып, Мәскеуде қолданбалы математика бойынша ғылыми жобалар халықаралық байқауының жүлдегері боламын деген ой келген емес. Менің ұмтылысым, қажырлы еңбегім, жігерім мен ұйқысыз түндерім босқа кетпегенін түсіндім. Байқауда жүлделі орын алып қана қоймай, көптеген жаңа таныстар таптым, олимпиадаға қатысушылар ғана сезіне алатын күй кештім. Маған берілген осындай мүмкіндіктер үшін тағдырыма алғысым шексіз. Білім және ғылым министрлігіне, «Дарын» ғылыми-тәжірибелік орталығына, ұстазым Алмир Асқарұлына және алтыншы гимназияның мұғалімдеріне алғыс айтамын. Шексіз қолдау көрсеткен ата-анама рахмет! Сүйікті еліме және Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына жастарға өз ойларын жүзеге асыруға мол мүмкіндік бергендері үшін шынайы алғысымды білдіремін. Ал біз өз кезегімізде оны кемел болашаққа пайдалануымыз керек, – деді Семей қаласы № 6 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Әдия Мақышева.

Оқушылармен кездесу барысында Е. Сағадиев өмірдің мәнін түсінуге, математика мен философияны танудың қажеттілігін, ой-өрісті кеңейтуге, басқа елдерді танып, зерттеуге, сонымен қатар қандайда бір биікке жетпей, менменсіп кетпеу керектігін айтып, бірнеше кеңес берді. «Сіздерге тілейтінім, қымбатты балалар, ақылды ұл-қыздардан өсіп, данышпан адам болыңдар», – деді министр кездесу соңында.

Кездесуден естелік ретінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің атынан оқушыларға электрондық кітаптар сыйға берілді.

Сонымен қатар балалар Елбасы кітапханасында Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені түсірген «Жаңғыру кіндігінде» фильмі көрсетіліп, Елбасы кітапханасы мен музейіне экскурсия ұйымдастырылды.