Елбасы кітапханасында Атырау және Қызылорда өңірлерінің үздік оқушылары семинар-тренинг курсынан өтті

Елбасы кітапханасында «Әлемді өзгертетін идеялар» атауымен екікүндік семинар-тренингтер жалғасын табуда. 2016 жылдың 11-12 ақпанында Атырау және Қызылорда облыстарынан келген 9-10 сыныптардың оқу озаттары мен қоғам активистері үшін семинар өтті.

Елбасы кітапханасының ғылыми қызметкерлері бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың «100 нақты қадамы» Ұлт жоспарының бағыттарын түсіндіру бойынша дәріс сабақтарын жүргізді, семинарға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

0U3A7901

Семинарға қатысушылар дәрістер кешенінен алған білімдерін практикалық сабақтарда бекітіп, эсселер жазды, пікірталастарға қатысты, тақырыптар бойынша сөз сөйледі.

Қызылорда облысының Қармақшы ауданы Ш.Уәлиханов атындағы №26 мектептің 10 сынып оқушысы Нұрай Айтбаева курс туралы өз ойымен бөлісті: «Семинардың арқасында біз «100 нақты қадамның» әр қадамының мәнін түсіндік. Сондай-ақ, дәл осы Кітапханада ел Президентінің жазушылық, музыкалық және сәулетшілік өнері мен талантына тәнті болдық, біз Елбасы тұлғасын тереңірек тани түстік» деді.

Семинар-тренингке қатысушылар Елбасы кітапханасының экспозиция залына жасаған экскурсиядан үлкен әсер алды. Олар «Президент сыйлықтары», «Президенттік» атты экспозициялық аумақта сирек, коллекциялық және ертеде басылып шыққан кітаптарды тамашалады. Қызылорда облысының Шиелі ауданы № 205 мектептің 10 сынып оқушысы Дәуірхан Сейілханов: «Бізді бұл орталық өте жылы қабылдады, біз көп жаңашылдықпен таныстық. Бізге музей экспонаттары және Елбасымыз        Н.Ә. Назарбаевтың алпысыншы жылдардан бастап жинаған кітаптары өте қатты ұнады. Әсіресе, Құран кітабы ерекше ұнады. Бұл қасиетті кітапты қазақстандық ғарышкер Т.Мұсабаев өзімен бірге ғарышқа алып, кейін ел Президентіне тарту еткен» деді.

0U3A7777

Атырау облысының Жылыой ауданы №21 мектебінің 10 сынып оқушысы Мейірхан Бекесовке семинар-тренинг өмірде маңызды шешім қабылдау үшін көмектесті, деді. Бекес Нұрланов:

- Бұл семинар маған болашақ мамандығымды таңдауға үлкен көмек көрсетті. Мен болашақта құқыққорғау органдарында қызмет жасағым келеді. Ұлт жоспарында белгіленген заң үстемдігін қамтамасыз ету және оны  нығайту туралы қадамдар болашақ кәсібім үшін өте қажетті деп есептеймін, - деді.

Атырау өңірінен келген тағы бір оқушыға семинар-тренинг жаңа әлеуметтік идеялардың тууына жәрдемдескен екен. Ақжүніс есімді оқушының айтуынша, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен күтушісі жоқ қарттарға көмек көрсету бойынша жаңа жоба әзірлеуге болады. Оның ойынша, жетім балалар және қарттармен бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру қажет. Оларға көмек көрсету және «жан жылуы» қажет. Бұл, өз кезегінде, қазақстандық қоғамда бірлік пен келісімнің нығаюына да ықпалдасады. Ортақ күш біріктіру арқылы біз әлемді өзгерте аламыз, дейді.

0U3A7855

Семинар қорытындысы бойынша Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Б.Қ. Жұмабеков үздік және белсенді оқушы жастарға арнайы сертификаттар мен «Біздің Президент» атты естелік кітабын сыйлады.

Марапаттау рәсіміне «Тұран» білім беру корпорациясының вице-президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор Орақ Әлиев  қатысты. Ғалым семинарға қатысқан оқушыларды құттықтау сөзінде: «Жақсы идеяны ойлап табу оңай емес, ал сол идеяны іске асыру үшін жоба жасау керек. Тамаша идеяны іске асырудың 4 шарты бар. Олар: біріншіден, терең білімді қажет етеді. Екіншіден, сол терең білім біліктілік деңгейіне жеткізу керек. Үшіншіден, дана халқымыз айтқандай «жүрек керек». Яғни, идеяны іске асыруға батылдық пен қайсарлық керек деген сөз. Төртіншіден, «жігерлі болу» керек. Осы қасиеттерді сендердің бойларынан көргім келеді. Себебі, сендер ел ертеңі – біздің жарқын болашағымызсыңдар» деп Атырау және Қызылорда өңірінің жас өрендеріне ақжол тілегін жеткізді.   

0U3A7929

0U3A8172