ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА АСТАНА ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ҚЫЛМЫСТЫҚ-АТҚАРУ ЖҮЙЕСІ ДЕПАРТАМЕНТІ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН МАРАПАТТАДЫ

29 қарашада Елбасы кітапханасында Астана қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай салтанатты іс-шара өткізді. Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова іс-шараның Назарбаев орталығы ғимаратында өткізілуінің терең мәніне тоқталды:

– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуы, тәуелсіздік пен құқық қорғау саласындағы реформаларды нығайтумен тығыз байланысты. Қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері еліміздің түзету әлеуетін көтеріп, жазалауды ізгілендіруде маңызды рөл атқарады, әлеуметтік-психологиялық, адамгершілік, мәдениет пен басқа да факторларға, қылмыстық жазаға тартылған тұлғаларды ұстау жағдайларына тиімді әсер етеді. Елбасы кітапханасы басшылығының атынан сіздерге зор денсаулық, жұмыста жетістікке жетіп, өркендей беріңіздер дегім келеді.

Астана қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы, әділет полковнигі Нариман Сахатов өзінің құттықтау сөзінде Елбасы кітапханасы басшылығына мерекелік іс-шараны өткізуге мүмкіндік бергені және ұйымдастыруға көмек көрсеткендері үшін алғысын білдірді:

– Қазақстандық мемлекеттіліктің бірегей моделі Елбасының есімімен байланысты. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы күнінен мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған реформаларға бастамашы болды. Нұрсұлтан Әбішұлының кемеңгерлігі мен саяси жігері Қазақстанды экономикасы мықты, демократиялық мемлекет, әлемдік қауымдастықтардың толық құқықты мүшесі етіп қалыптастырды.

Қазақстандық мемлекеттілік іргетасын қалыптастырудағы Елбасының тарихи рөлі туралы Астана қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жаңаөмір Жамалов өз сөзінде:

– Қазақстандықтар 1991 жылдың 1 желтоқсанында еліміздің әрі қарайғы табысты дамуын айшықтаған тарихи таңдау жасады. Біздің еліміздің әлемдік аренадағы жеткен жетістігі Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың атымен байланысты, – деді.

Салтанатты шараның бағдарламасы бойынша белсенділік танытқан ҚАЖ департаменті қызметкерлеріне мақтау қағаздары мен алғыс хаттар тапсырылып, «Тығырықтан жол тапқан» көркем фильмі көрсетілді және Назарбаев орталығы ғимараты бойынша шолу экскурсиясы жүргізілді.