1 наурыз күні Елбасы кітапханасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен Алғыс айту күніне арналған шара өтті. Биыл бұл мереке алғаш рет тойланды.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқын бүгінгі күнмен құттықтап, жаңа мерекенің қалай пайда болғаны туралы айтып берді.
- Баршаңызды Алғыс айту күні мерекесімен құттықтаймын! Бұл күнді жаңа мереке ретінде белгілеу туралы мен өткен жылы ұсыныс айтқан едім. Ассамблея сессиясы кезінде әртүрлі этностар өкілдері бір-біріне, қазақ халқына алғыс айтып жатқан кезде осы мереке – Алғыс айту күні туралы ой туған еді. Біздің қазақ халқы ауыр кезеңде жер аударылған өзге ұлт пен ұлыстарды бауырына басты, оларға пана болды. Ағымдағы жылдың қаңтар айында мен тиісті Жарлыққа қол қойдым. Енді, міне өзге мерекелермен қатар Алғыс айту күні пайда болды, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев бұл мереке біздің қоғамдағы сенім, келісім, достықты одан әрі нығайта түседі дегенге сенімі мол екені айтты.

Елбасы және іс-шараға қатысушылар «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» - «Память во имя будущего» экспозициясы таныстырылымына қатысып, көрме жұмысымен танысты. Экспозиция 5 блоктан тұрады, атап айтқанда, «Талайлы тағдыр – бірлігі мықты халық», «Алғыс айту парызым», «Қазақ халқына мың алғыс!» алғыс айту киіз үйі, «Жүректерде қасірет ізі қалды – өмір жолы ертеңге жетелейді» жазықсыз жер аударылғандар естеліктерінен жиналған экспозиция бұрышы және саяси қуғын-сүргінге ұшыраған суретшілердің картиналары қойылған көрме. Елбасы кітапханасындағы экспозициялық көрме 2016 жылдың 1 наурызынан 31 мамырға дейін жұмыс істейді.
Іс-шараға Астана қаласы, Ақмола және Қарағанды облыстарының мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктер мүшелері, ғылым және шығармашыл зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.
