Елбасы Кітапханасында алдағы конституциялық реформа талқыланды

Алдағы Конституциялық реформаның негізгі бағыттарын айқындаған 2017 жылдың 25 қаңтарындағы Елбасының арнайы Үндеуі мемлекет пен азаматтық қоғамды ашық сұхбатқа шақырды.
Тәуелсіздіктің 25 жылында қазақстандықтар еліміздегі түрлі саяси өзгерістер мен жаңашылдықтарға куә болды. Мемлекеттік құрылымның қазақстандық үлгісі уақыт сынынан сүрінбей өтті. Енді еліміздің дамуындағы жаңа кезеңге қадам басамыз. Алмағайып замандағы жаңа қауіп-қатерлер заң шығарушы және атқарушы биліктердің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруды талап етеді.
Конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастың түбегейлі жаңа жолдарын қарастырады. Оған сәйкес Үкімет пен Парламенттің өкілеттіліктері артады. Қазақстандық дамудың үлгісіне жаңа серпін беретін реформалар Елбасы кітапханасындағы «2017 жылғы реформалау процесінің шеңберінде Қазақстан Республикасындағы биліктің заң шығарушы және атқарушы тармақтарының рөлін күшейту» тақырыбындағы дөңгелек үстелде кеңінен талқыланды. Келелі жиында саясаттанушылар, тарихшылар, мемлекет қызметшілер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері тоғысты.
0U3A6257 (1)
Жиынға Мемлекеттік тарих институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған модераторлық етті. Дөңгелек үстелді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы директорының орынбасары Жапсарбай Қуанышев ашты.
0U3A6234
Мемлекет тарихы институты бас ғылыми қызметкерінің міндетін атқарушы, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Еркеш Нұрпейісов билікті реформалаудың маңыздылығына жан-жақты тоқталып, өзінің байламын ортаға салды.
0U3A6287
– Елбасының Үндеуінде алдағы Конституциялық реформаның негізгі бағыттары белгіленген. Елбасының билік тармақтары арасындағы жоғары арбитр ретінде рөлінің құқықтық негіздерін нығайту үшін Конституцияны тиісті баптармен толықтырған жөн. Онда Конституциялық кеңес тұжырымдамасын алынған соң, жалпы Парламент, Сенат пен Мәжіліс және Үкімет арасында келіспеушіліктер туындаған жағдайда оларды таратудың айрықша құқығын Президентке беру көрініс табуы қажет. Таратуға басқа негіздер болмауы қажет. Себебі бұл мемлекеттік билік тармақтарының шыңы ретінде Парламент беделінің төмендеуіне әкеліп соғады, - деп атап өтті Еркеш Қалиұлы.
Оның пікірінше, Қазақстанның өзіндік және бірегей даму жолын халықаралық тәжірибені зерделеу барысында қаперге алған абзал. Президенттің кейбір өкілеттіліктерін Үкімет пен Парламентке бөлу – демократияландыруға және ілгерілеуге жасалған үлкен қадам.
– Конституциялық реформаның бұл кезеңі алдағы уақытта партиялық жүйе мен жергілікті өзін өзі басқарудың жеткілікті түрде құрылымдалмауы, мемлекеттік биліктің орталықсыздандыру мәселелерінің өзектілігі артатын Конституциялық өзгерістерге жетелейді, - деп баяндамашы пікірімен бөлісті.
0U3A6293
Мемлекет тарихы иститутының бас ғылыми қызметкері, профессор Алима Әуанасқызы конституциялық өзгерістердің қажеттігіне тоқталды. Оның пайымынша, Елбасының жаңа саясатын жүзеге асыру – елдің табысты дамуының кепілі.
0U3A6285
Елбасы кітапханасы Әлеуметтік-ағартушылық жобалар бөлімінің бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдарының докторы, профессор Ләйлә Иватова көпшіліктің назарын институционалдық өзгерістерге, сыбайлас жемқорлықпен күреске, мемлекеттік биліктің ашықтығын қамтамасыз етуге аударды.
– Құқықтық және демократиялық мемлекет үшін ашықтық және мөлдірлік мәселесінің маңыздылығы зор. Ақпараттық ашықтық мемлекеттік билік органдарының қызметіне қоғамдық бақылаудың тиімділігі мен нәтижелігін нығайтады. Қазақстан өзіндік даму жолын мықтап қаперге алып, басқа мемлекеттерден үйренуден тартынбай, олардың үздік тәжірибесін кәдеге жаратумен ерекшеленеді, - дейді Ләйлә Иватова.
0U3A6239
Дөңгелек үстелдің қатысушылары 31 қаңтарда жарияланған Елбасы Жолдауының өзектілігіне тоқталды. Оны жүзеге асыру арқасында халықтың әл-ауқаты артады және еліміз әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына кіреді.
– Конституциялық реформаның негізіне айналған Елбасының идеяларын қазіргі және келешектегі жас ұрпақ жүзеге асырады. Сол себепті оларды жастарға жеткізіп, сауатты түсіндіру жұмыстарын жүргізу талап етіледі. Мемлекет басшысы Үкіметке нақты мақсат-міндеттерді жүктеді. Олардың жүзеге асырылуы Қазақстанның әрбір азаматына байланысты, - деп жиынды қорытындылады Жапсарбай Қуанышұлы.