23 сәуір күні Елбасы кітапханасына Эфиопияның бұқаралық ақпарат құралдары атбасын тіреді. Кездесу 20-22 сәуір күндері Астанада өткен Еуразиялық Медиа Форум аясында ұйымдастырылды.

Кітапханаға «ЕВС» эфиоп телеарнасының өкілдері келді. Шет ел журналистері Кітапхана орналасқан ғимаратты аралап көрді. Сондай-ақ, экскурсия барысында Алғыс күні қарсаңында ашылған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» көрмесімен танысты.
«ЕВС» телеарнасының жаңалықтар департаментінің директоры Межгеб Гебреамлак Тека (Мezgebe Gebreamlak Teka) мырза Елбасы кітапханасы туралы өз ойын білдірді: «Тұңғыш Президенттің Кітапханасына келу мүмкіндігі туғанына мен шексіз қуаныштымын. Мұнда Қазақстан Республикасы Президентінің қызметі арқылы Қазақстанның қалыптасу тарихымен танысуға болады. Қазақстан Президентінің жан-жақты Тұлға екендігін білдім және оның Қазақстанның барша халқы үшін үлгі екендігі тамсандырады».

Эфиопиядан келген мейман Мемлекет басшысының және Қазақстанның бітімгерлік ісін жоғары бағалады: «Н.Ә. Назарбаевтың ядролық қауіпсіздік туралы манифесі ядролық қарусыздандыру мен қаруды таратпау ісіндегі іргетас болып табылады. Бұл салада Қазақстан локомотив іспетті. Өйткені, ол бүкіл дүниежүзіндегі тұрақты даму, жалпы тұрақтылық, бейбіт өмір және бейбіт атомның дамуына үлкен үлес қосып келеді».
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың идеяларымен және бастамаларымен жақынырақ танысқан Межгеб Гебреамлак Тека «Тілектер кітабында» естелік жазба қалдырды.
