ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНА АӨСШК ДЕЛЕГАЦИЯСЫ КЕЛДІ

Бүгін АӨСШК хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбай бастаған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес делегациясы Елбасы кітапханасына келді.

АӨСШК өкілдері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболатпен кездесті. Мекеме басшысы қонақтарды Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың мұрасы мен тәуелсіз мемлекетіміздің жетістіктерін насихаттауға бағытталған Елбасы кітапханасының қызметімен таныстырды.

– АӨСШК ұйымы – Елбасының саяси мұрасындағы негізгі жетістіктердің бірі. Ондай ұйымды құрудың идеясын ол 1992 жылы, БҰҰ бас ассамблеясының 47 сессиясында ұсынған. Уақытылы жарияланған ұсыныстың батыл саналуы әлемдік жалпы өнімнің негізгі бөлігін алып жатқан Азия құрлығы мемлекеттерінде ЕҚЫҰ-ға ұқсайтын ұйымның болмағанына байланысты. Нұрсұлтан Назарбаев пен отандық дипломатияның арқасында, кейін АӨСШК құрамына енген Азия мемлекеттерінің қолдауымен бұл идея жүзеге асты, - деді Б.Темірболат.

АӨСШК хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбай Елбасы кітапханасы тәуелсіз Қазақстанның ғана емес, АӨСШК-нің тарихы  шоғырланған жер екенін айтты.

– Отандық, шетелдік дипломаттар Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес тарихының дәрістерін қызыға тыңдайды деген пікірдемін. Әсіресе халықаралық қатынастар факультеті тыңдаушыларына бұл тақырыптың пайдалы болатынына сенімдімін. Осы тұста АӨСШК құрылуындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтің рөлін айшықтайтын Елбасы кітапханасының архив құжаттарын, тарихи жәдігерлерін олардың өз көзімен көргені жөн, - деді делегация жетекшісі Қ.Сарыбай.

Меймандар Кітапхананың жаңа музейінде орналасқан залдарды аралады. Экскурсия жүргізушілері Қазақстан егемендігінің құрылу тарихына тоқталды. Ата заңның қабылдануы, шекараның бекітілуі, Қарулы күштердің, Қазақстан халқы ассамблеясының құрылуы сияқты мемлекеттілігіміздің дамуындағы тарихи сәттерді делегация мүшелері цифрлық технологиялардың көмегімен зерттеді. Мәселен, ұлттық валютаның құрылу тарихына арналған «Теңге» бөлімінде қонақтар планшеттің көмегімен банкноттардағы бейнелердің көлемді нұсқасын көре алды.