2016 жылдың наурыз айында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» мемлекеттік мекемесіне 2 жыл толды.

Бұл мекеме Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2014 жылғы 13 наурыздағы Жарлығымен құрылды. Мекемені ашудағы басты мақсат ел Президентінің жеке кітапханасы және жеке мұрағаты қызметін жүзеге асыру, Қазақстанның қалыптасу және даму тарихын зерделеу, Президенттің идеялары мен бастамаларын ел ішінде және шет елдерде ілгерілету болып табылады.
Бүгінгі таңда Елбасы кітапханасы мұрағат, кітапхана және музей функцияларын атқаратын инновациялық тарихи-мәдени, ғылыми-білім беру және ақпараттық кешенге айналды.

2014 жылдың наурызынан Кітапханаға оқырман, көрермен және әртүрлі іс-шараға қатысу, семинарда білім алу мақсатында 23 мыңнан астам адам келді. 963 экскурсия өтті. Елбасы кітапханасына келген мәртебелі меймандар қатарында Қырғызстан Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, Монако князі Альбер II, Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримов, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко және тағы басқа ресми тұлғалар бар.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы қорында 22 мыңнан астам басылым, 1000 данадан асатын мерзімді және электронды басылым, Н.Ә. Назарбаевтың жеке коллекциясынан 700 экспонат жинақталған. Сондай-ақ Кітапхана қорында сирек, коллекциялық және ертеде жарық көрген баспа өнімдері сақталған.
Президенттің жеке кітапханасын әр жылдары Н.Ә. Назарбаевқа сыйға берілген және Елбасының 1960 жылдан бастап жинақтаған жеке (үй) кітапханасы қорындағы кітаптар мен басылымдар құрайды.
Президенттің жеке мұрағатына 130 мың бірлік биографиялық, шығармашылық материал, Мемлекет басшысының қызметтік және қоғамдық қызметі туралы құжаттар енген.

Кітапхананың «Президент» экспозициясы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев тұлғасын жан-жақты ашуға арналған. Осы экспозиция аумағында Мемлекет басшысының жеке заттары, қолжазбалары, еңбектері, наградаларымен танысуға болады.
«Президент сыйлықтары» экспозициясына Елбасына әр жылдары берілген сыйлықтар (кәдесыйлар, қару-жарақ, үстел және қабырға сағаттары, спорттық керек-жарақтар) қойылған.

«Қазақстан патриоты», «Сөз құдіреті», «Еуразия жүрегінде», «Өзгерістер қуаты», «Бастама және әріптестік», «Бейбітшілік пен келісім» атты интерактивті білім беру үстелдерінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының идеялары мен бастамалары, Мемлекет басшысының республиканы қалыптастыру мен дамытудағы рөлі, Тәуелсіз Қазақстанның тарихы туралы баяндалады.
2015 жылдың қазан айынан Кітапхана «Әлемді өзгертетін идеялар» әлеуметтік жобасын іске асырды. Осы жоба аясында үздік студент және озат оқушы жастар үшін екікүндік семинар-тренингтер және бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың «100 нақты қадамы» Ұлт жоспары мазмұнын түсіндіру жөніндегі жұмыстар жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда Қазақстанның барлық облыстарынан 1381 студент пен оқушы осы семинардан оқудан өтті.
Кітапхананың екі жылдығы бірқатар мерекелік іс-шаралармен аталып өтеді.
