Елімізге жұмыс сапарымен келген Ресей президенті басқармасының шет мемлекеттермен аймақаралық және мәдени байланыс бойынша басшысы Владимир Чернов бастаған делегация өкілдері Елбасы кітапханасына ат басын бұрды. Меймандар рухани орданың тарихымен танысып, экспозицияларды аралады. Олар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары мен идеяларын арқау еткен экспозицияларға асқан қызығушылық танытты. Көрші мемлекеттің өкілдеріне Елбасының жоғары марапаттары ұсынылған 3D голограмма, Президент Н.Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметінен сыр шертетін анимациялық электронды альбом паш етілді.
Еліміздің тарихи куәгеріне айналған аса құнды жәдігерлер мен түпнұсқалық құжаттар да назардан сырт қалмады. Елбасы кітапханасының экскурсоводтары ресейлік делегацияға «Президентке тарту етілген сыйлықтар» және «Президенттік» экспозицияларымен жан-жақты таныстырды.
Меймандар бірегей ғимараттың сәулетіне, экологиялық озық талаптарға сәйкес бой көтергеніне тәнті болды. Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков оларға рухани орданың қызметі жайлы жан-жақты баяндады.
Құрметті меймандар Елбасы кітапханасындағы сирек және құнды басылымдар қорымен де танысты. Онда Мемлекет басшысы өзі парақтаған әрі жинаған жинақтар орналасқан. Отандық қаламгерлермен қатар шетел әдебиеті өкілдерінің туындылары бар.
Топтамаларға көз жүгірткен ресейлік делегация өкілдері рухани орданың жұмысына жоғары баға берді. Оларға «Әлемді өзгерткен сөздер» кітабы сыйға тарту етілді.


