Елбасы Кітапханасымен Уфа қаласы әкімшілігінің басшысы Ирек Ялалов танысты

Елімізге жұмыс сапарымен келген Уфа қаласы әкімшілігінің басшысы Ирек Ялалов бастаған делегация өкілдері Елбасы кітапханасына ат басын бұрды. Меймандар рухани орданың тынысымен танысып, еліміздің тарихынан сыр шертетін экспозицияларды аралады.
DSC_2376

Башқұртстан елінің өкілдері заманауи интерактивті білім беру кешеніне асқан қызығушылық танытты. Оларға Елбасының жоғары марапаттары ұсынылған 3D голограмма, Президент Н.Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметінен сыр шертетін анимациялық электронды альбом паш етілді. Меймандар таптырмас білім беру құралына айналған "Қазақстан жолы" интерактивті ғылыми-білім беру орталығындағы материалдарға жоғары баға берді. Кешен арқылы еліміздің тарихы, Мемлекет басшысының бастамалары мен идеялары жайлы бірегей құжаттармен, суреттермен, бейнематериалдармен танысуға мүмкіндік бар. Интерактивті үстелдерге қажетті мәліметтерді жүктеу үшін 140 мыңнан астам мұрағат материалдары жан-жақты зерделенген.

DSC_2363

Еліміздің тарихи куәгеріне айналған аса құнды жәдігерлер мен түпнұсқалық құжаттар да назардан сырт қалмады. Елбасы кітапханасының мамандары башқұртстандық делегацияны «Президентке тарту етілген сыйлықтар» және «Президенттік» экспозицияларымен жан-жақты таныстырды.

DSC_2467

Уфа қаласы әкімшілігінің өкілдері «Елбасы жолы», «Тәуелсіз Қазақстан – тұғырлы ел», «Н.Ә. Назарбаев – тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы», «Елбасына естелікке қолтаңба», «Егемен елдің тәуелсіздік шежіресі» көрмелеріндегі аса құнды тарихи құжаттарға үңілді.

Меймандар Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген шет мемлекеттердің жоғары наградаларымен «Әлем қадірлеген Елбасы» көрмесі арқылы танысты.

Топтамаларға көз жүгірткен Уфа қаласы әкімшілігінің өкілі рухани орданың жұмысына жоғары баға беріп, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырды.

DSC_2478

- Мені экспозициялар және онда көрініс тапқан Қазақстан Республикасының жетістіктері тамсандырды. Ұлы қазақ халқына және Президентке елдің өркендеуін, табысқа жетуін тілеймін, - деп тілегін білдірді Уфа қаласы әкімшілігінің басшысы.

DSC_2418

Тарихи жәдігерлермен танысқан Башқұртстан елінің өкілдері Елбасы кітапханасына өздерінің естелік сыйлықтарын тарту етті: алтынмен және күміспен күптелген табақ және Уфа қаласының тарихы жайлы кітап. Кітапхана атынан меймандарға "Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян" тағылымды кітабы сыйға берілді.

DSC_2482