Елімізге жұмыс сапарымен келген Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары Улугбек Розукулов бастаған делегация өкілдері Елбасы кітапханасына ат басын бұрды. Меймандар рухани орданың тарихымен танысып, экспозицияларды аралады. Олар заманауи интерактивтік білім беру кешеніне асқан қызығушылық танытты. Бауырлас елдің өкілдеріне Елбасының жоғары марапаттары ұсынылған 3D голограмма, Президент Н.Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметінен сыр шертетін анимациялық электронды альбом паш етілді.
Еліміздің тарихи куәгеріне айналған аса құнды жәдігерлер мен түпнұсқалық құжаттар да назардан сырт қалмады. Елбасы кітапханасының экскурсоводтары өзбекстандық делегацияға «Президентке тарту етілген сыйлықтар» және «Президенттік» экспозицияларымен жан-жақты таныстырды.
Улугбек Розукулов бірегей ғимараттың сәулетіне, экологиялық озық талаптарға сәйкес бой көтергеніне тәнті болды. Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков кешеннің төбесі шынымен жабылғанына ерекше тоқталды. Одан келетін жылу жылдың 4 мезгілінде қуатты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Құрметті меймандар Елбасының Үй кітапханасымен де танысты. Онда Мемлекет басшысы өзі парақтаған әрі жинаған құнды жинақтар орналасқан. Отандық қаламгерлермен қатар шетел әдебиеті өкілдерінің туындылары бар. Олардың арасында сирек кездесетін басылымдар көп.
Бүгінде Елбасы кітапханасында Қазақстанның қалыптасуы мен дамуын баяндайтын 25 мыңға жуық кітап сақталған. Топтамаларға көз жүгірткен өзбекстандық делегация өкілдері рухани орданың жұмысына жоғары баға берді.


