ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫМЕН АЛҒАШҚЫ ТАНЫСУ. ОҚУШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН ЭКСКУРСИЯ

Үстіміздегі жылдың 5 қазанында Елбасы кітапханасына экскурсияға келген Астана қаласының №3 мектеп-гимназиясының 5–6 сынып оқушылары өз әсерлерімен бөлісті.

– Мұнда еліміздің сұлулығы мен дәулетін көрсететін көптеген кәдесыйлар, жәдігерлер орналасқан. Біздің Президентіміз туралы, Елбасымызды басқа елдер танып, сыйлайтыны туралы көп мәлімет алдым. Кітапхана маған өте ұнады, сондай-ақ басқа достарымды да бей-жай қалдырмады деп ойлаймын. Осы экскурсия туралы ата-анама әңгімелеп беремін, – деді 5-сынып оқушысы Әділхан Хасен.

Нұрай Біргекова, 5-сынып оқушысы:

– Елбасы кітапханасына алғашқы келуім маған қатты әсер қалдырды. Әсіресе, ғимараттардың әдемі макеттері өте ұнады. Біз қару-жарақтар көрмесінде болдық, үшінші қабаттағы картиналарды да тамашаладық. Барлығы да өте керемет.

6-сынып оқушылары Дильназ Әбдірахманова мен Еңлік Мырзақұл Кітапханадан көп әсер алғандарын жарыса баяндады. Сондай-ақ, ғимараттың әр қабатын аралап, экскурсия жүргізушіден естіген Елбасының жеке кабинетін де көргілері келетінін айтты.

– Елбасы кітапханасының екінші қабатында орналасқан көптеген ордендерді, біздің Президентімізге жасалған сыйлықтарды көрдік. Экскурсия барысында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының қаламынан туындаған 40-қа жуық кітаптармен таныстық. Мұнда тағы келуге қарсы емеспіз.

Елбасы кітапханасы өз келушілерін дүйсенбіден басқа күндері үзіліссіз 10.00-ден 18.00-ге дейін қабылдайтынын естеріңізге саламыз. Экспозицияға кіру 17.15-ке дейін. Қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі шолу және тақырыптық экскурсиялар 10-нан көп адамнан құралған топқа алдын ала берілген өтінім бойынша 10.30; 12.00; 14.30; 16.00-де жүргізіледі.

Экскурсияның ұзақтығы: 45–50 минут. Экскурсияға өтінім Кітапхана ғимаратында Ә. Бөкейхан к-сі 10, 69 30 42, 69 30 66, 69 30 67 телефондары бойынша қабылданады.

Кіру тегін.