23 ақпан күні «Әлемді өзгертетін идеялар» семинар-тренингісінің қатысушылары «Болашақ» қауымдастығының атқарушы директоры Азамат Божаковпен кездесті.
– Мен өте қарапайым отбасында өстім. А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін «Тарих» мамандығы бойынша тәмамдап, лайықты қызметті таңдауда ұзақ ойландым. Елбасының «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасына қызығып, Таран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөліміне жұмысқа орналастым. Кейін маған мемлекеттік қызметте әртүрлі лауазымдар жүктелді. 2015 жылы «Болашақ» қауымдастығы атқарушы директорының орынбасары, бір жылдан кейін атқарушы директор қызметіне тағайындалдым. Шыны керек, «Болашақ» бағдарламасының түлегі болмасам да, қауымдастықты басқару – күтпеген жағдай. Алайда бұл тәжірибемнің арқасында кәсіби маман атану үшін білім қорын үздіксіз толықтырудың маңыздылығын түсіндім, - деп өзінің пікірімен Азамат Әбдібекұлы бөлісті.
Қауымдастық 2001 жылы «Болашақ» бағдарламасымен білім алған алғашқы түлектердің бастамасымен құрылған. Бүгінде ұйым бағдарламаның 12 мыңнан астам стипендиаттарын біріктіреді.
– Елбасы Кітапханасы «Болашақ» қауымдастығымен бірігіп, «Мәңгілік мұра» шығармашылық кездесулерін ұйымдастырады. Оның аясында еліміздің белгілі ақын-жазушылары «Болашақ» бағдарламасының түлектерімен және жоғарғы оқу орындарының студенттерімен жүздеседі. Тоқсан сайын өткізілетін сырлы кездесулерге Айнұр Тұрсынбаева, Серікзат Дүйсенғазы және Сара Тоқтамысова қатысты. Оның басты мақсаты – қазақстандық жазушылар мен ақындардың шығармашылығын көпшілікке дәріптеу, жастардың бойына отансүйгіштікті ұялату, мәдени-тарихи сана-сезім қалыптастыру, - деп атап өтті Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы директорының орынбасары Жапсарбай Қуанышев.
– Біздің ұйымымыз стипендиаттардың тәжірибесі мен күш-жігерін біріктіріп, қуатты Қазақстанды құру мақсатында қазақстандық жастардың белсенділігін арттыру діттелген. Бағдарлама түлектері арасынан еліміздің мемлекеттік, экономикалық және қоғамдық өмірінің әртүрлі салаларында білікті сарапшылар қауымдастығын қалыптастыру басты басымдыққа айналмақ, - деді Азамат Божаков.
«Болашақ» қауымдастығы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен ұйымның 15 жылдығына орай «25 қайырымды іс» жобасын жүзеге асырған. Қолға алынған шаралар «Қазақстан 2050» Стратегиясына сәйкес сегіз басты бағытқа негізделді. «Bolashak Business», «Bolashak Education», «Bolashak Charity», «Bolashak Sport» секілді басты бағыттар жастарға экономика, білім беру, т.б. салалардың негіздерін үйретіп, кәсіпкерлікке ден қойғандарға қолдау көрсетеді. Қазіргі уақытта «Bolashak Business» ұйымдастырған «StartUp» байқауы жас бизнесмендер буынын қалыптастыру арқылы Қазақстан экономикасын ілгерілетуге өз үлесін қосады.
«Bolashak Charity» бастамасымен осы күнге дейін Еуропаның ірі прокатындағы 17 шақты толықметражды фильм қазақ тіліне аударылып, кәсіби дубляждан өтті. Әрбір тұсаукесер сайын көрермендер қатарын кеңейткен ұйымның жұмысы мемлекеттік тілдің деңгейін жаңа сатыға көтеруде жақсы нәтиже көрсетуде.
– Аталмыш жобалар елдегі кадрлар қорын қалыптастыруға бағытталған. «Болашақ» бағдарламасы тәуелсіз Қазақстанның басты құндылықтарын ескеріп, «қазақстандық жол» негіздеріне сүйенеді. Бағдарлама түлектері мемлекет пен қоғамның өміріне белсенді түрде атсалысады. Бойымыздағы күш-жігерді, білімді еліміздің дамуына жұмсау - маңызды, - деп Азамат Божаков ойын түйіндеді.
Елбасы Кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабековтің айтуынша, «Болашақ» бағдарламасының өкілдерімен тығыз ынтымақтастық орнаған. Дәрмен Сәдуақасов, Қанат Әуесбай, Дәмел Мектепбаева, Азамат Божаков секілді еңбекқор, дарынды азаматтар жастармен тәжірибе бөлісуге қашан да дайын.
- Елдің әлеуметтік әлеуетін нығайтуда еңбек етіп, Елбасы бағдарламаларын жүзеге асыруға іс жүзінде үлесін қосып жүрген адамдардан үлгі алсаңыздар, бірнеше жылдан кейін сіздерге де кездесулерге шақырады. Бүгінгідей алмағайып заманда еліміздің әрбір азаматына зор жауапкершілік артылатынын терең түсінген жөн. Қазақстанның бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылуы, жұмысымыздың жемісті болуы – жастардың, яғни сіздердің қолдарыңызда, - деп студенттерді Елбасы Кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков қанаттандырды.




