Ядролық сынақтарға қарсы күрестің халықаралық күнін әлем 10 жыл бұрын, 2010 жылы 29 тамызда алғаш атап өткен еді. Атаулы күнді бекіткен Біріккен ұлттар ұйымы бас ассамблеясының қарарын Қазақстан 1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонының жабылуына орай ұсынған болатын. Бұл құжат кез келген ядролық жарылыс сынақтарының салдарын нұсқап, жойқын қарудан азат әлемді құруға шақырды. 2010 жылдың мамыр айында Ядролық қаруға тыйым салу шартына қол қойған мемлекеттер бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетін қолға алды.
– Бейнеэкскурсиямыз халық тарихындағы ең күрделі кезеңдердің бірін бейнелейді. Жүз мыңдаған қандастарымыздың өміріне қаяу салған ядролық жарылыс жылдарын біз күйінішпен еске алып, жапа шеккен жандардың күш-қайратына тағзым етеміз. Халық қайғысына айналған қасіретті ескеріп, қателіктің қайталанбауына, ұрпақ өміріне нұқсан келтірмеуіне жағдай жасауға басымдық қоямыз. Сондықтан да егемен елдің амандығы мен тыныштығы – халқымыздың басты құндылығы. Виртуал экспозиция полигонның жабылған тарихи сәтінен сыр шертіп, әлемнің ядролық қарудан бас тартуына Елбасының тигізген септігін көрсетеді. Бүгінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің еңбегін терең бағалаған әлемдік қауымдастық Нұрсұлтан Әбіщұлы Назарбаевты жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы деп мойындайды, - дейді Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы Әмірхан Рахымжанов.
Мекеменің ресми сайтында тұсауы кесілетін бейнетур қазақ жерінде жүргізілген ядролық сынақтарға қарсы күрестің тарихына көз жүгіртіп, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың батыл бастамасының мән-мазмұнына тоқталады. Көрермендер «Н.Ә. Назарбаев – жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы» экспозициясымен танысу мүмкіндігіне қол жеткізіп, ядролық қарудан бас тартып, жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қозғалысына негізделген архив құжаттарын, фото, бейне материалдарды, музей жәдігерлері мен қор басылымдарын тамашалай алады.
Ядролық қаруға қарсы күрес саласының көшбасшысы ретінде Елбасының жасампаз бастамалары жаһандық тәртіптің даму үрдісі мен әлемді қарусыздандыру стратегиясын анықтады. Ядролық қаруды жоюға қосқан үлесі үшін Н.Ә.Назарбаевқа табыс етілген халықаралық марапаттар бұл ақиқатты дәйектеп отыр.


