2018 жылдың 16 ақпанында, сағат 16:00-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі кешенді көрмесі аясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде (Түркістан қ.) «Тарихи таңдау» көшпелі экскурсиялары жүргізілді.
Көшпелі экскурсияларды ашқан Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов іс-шараны ұйымдастырып өткізуге қолдау көрсеткен Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық университетінің ректорына және қала әкімшілігіне ризашылығын білдірді.

– Біз бұл жобамыздың жалғасын еліміздің қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты көне қалаларымыздың бірі, қасиетті бабалар рухымен үндескен – Түркістан қаласында арнайы өткізуді рухани парызымыз деп есептедік. Президенттің – Еріне Елі, Еліне Ері сай әлем мойындаған зайырлы мемлекетімізді, оның сүйікті халқының тағдырын Мәңгілік Елге айналдырып, рухани жаңғырудың жаңа белестерін бастағаны баршамызға аян. Бүгін, міне, Түркістан қаласында көшпелі экскурсияларымызды ұйымдастырып өздеріңізбен қауышып отырмыз. Осы материалдарды жинақтап, зерттеп, зерделеп, мұқият сақтап отырған жалғыз мекеме – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы шешуші рөлін жан-жақты көрсететін бұл жоба бүкіл Қазақстан тұрғындарына ұсынылып келеді. Елбасының Тәуелсіз Қазақстан тағдырындағы қайраткерлігін мұрағат құжаттары мен жәдігерлер арқылы жүйелі түрде кеңінен көрсететін бұл көшпелі жобаның маңызы зор, – деді Әмірхан Мұратбекұлы.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, көшпелі көрме жобасының барысында арнайы Түркістан қаласында өткізгелі отырған көшпелі экскурсиялардың маңыздылығына тоқталды.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Уәлихан Әбдібеков ғылыми-білім беру мен мәдени-ағартушылық таным қалыптастыруға негізделген көшпелі көрме жобасының киелі Түркістан топырағында, ҚР Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың қатысуымен ашылған Ахмет Ясауи университетінде жалғасуын ерекше атап өтті.

– Бүгінгі көшпелі жоба аясында студент-жастарымыз Елбасы кітапханасының жұмыс бағытымен, мұрағат, кітапхана, мұражай қорларының материалдарымен танысуға мүмкіндік алып отыр. Жастарымыз өз елінің тарихын, дәстүрін, мемлекеттің құрылу кезеңдерін және ел Президентінің жүргізіп отырған жұмыстарын жақсы білулері керек.
Елбасы кітапханасының «Тарихи таңдау» көшпелі экскурсияларын тамашалауға киелі Түркістан жұртшылығы белсене қатысты. Сондай көшпелі экскурсияларын келушілердің бірі Түркістан қаласының тұрғыны Динара Керімбекова алған өз әсерімен бөлісті:

– Бүгін балаларымызбен бірге Елбасы кітапханасы ұсынған көшпелі экскурсияларын тамашалауға келдік. Шара өте қызықты болды, балаларымызға қатты ұнады, көңілімізден шықты. Елбасының өмірі мен қызметі, өскен ортасы мен білім алған ордасы жайлы көптеген тың мәліметтерге қанық болдық. Ата-ана ретінде балаларымның болашақ Елбасымыздай өз елінің патриоты болғанын қалаймын. Осындай іс шараның ұйымдастырушыларына алғысым шексіз.
– Бүгін Гүлім апай бізге Қазақстанның кен-байлығын көрсетіп, бәрімізді Елбасының өмірбаянымен таныстырды. Экскурсиялар өте ұнады. Енді мен есейгенде Нұрсұлтан Назарбаев атамыздай Президент болғым келеді, – деген шараның ең кішкентай қатысушысы 4 жасар Жалғас та қуанышын жасыра алмады.
Көшпелі экскурсияларына қатысқан келушілердің қатарында өскелең ұрпақ өкілдері – жалынды жастар қарасының басым болуы қуантарлық жайт. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жаратылыстану факультетінің 2-курс студенті Нұрхан Мыңайдаров көшпелі көрме жобасынан алған әсерін Елбасының бүгінгі таңдағы жастар саясатындағы рөлімен байланыстырды:
– Елбасының жастарға деген қамқорлығы бізді жаңа мақсаттарға, жаңа белестерге қанаттандырады. Сол себепті білім деңгейін жалғыз мамандықпен шектемей өзімді жан-жақты дамытып, өзге салаларда бағымды сынасам деймін. Өз мамандығымды толық игеріп, еліміздегі сәулет өнерінің дамуына үлесін қосқан азаматтардың бірі болуға талпынамын.
Экскурсия барысында келушілерге Н. Ә. Назарбаевтың комсомол-металлургтен бастап, ҚазКСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы, Жоғарғы Кеңес төрағасы және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне дейінгі еңбек жолы жайлы баяндайтын бірегей материалдар кешені ұсынылады. Атап айтқанда, жұртшылық назарына сирек кездесетін бейнешежіре кадрлары, фотосуреттер және архивтік құжаттар ұсынылды.
Экскурсияға келушілер ХХ ғ. 60–70 жж. құжаттарын парақтап, сол кезеңніңмерзімдік баспасөздерінде жарияланған мақалалармен танысуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, Елбасы кітапханасы Музейінің қорларынан ұсынылған жәдігерлері, оның ішінде «Н. Назарбаев – металлург», «Елбасы жұмыс үстелінің реконструкциясы», шетелдік жоғары оқу орындарының марапататтары мен мантиялары, «Силла» мемлекеті билеушілер тәждерінің таныстырылымы өтті.



