Елбасы кітапханасы серіктестерін көбейтуде

21 сәуір күні Елбасының кітапханасында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» мемлекеттік мекемесі мен «Республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы» мемлекеттік кәсіпорны арасында ынтымақтастық меморандумына қол қою рәсімі өтті. Тұңғыш Президент кітапханасының атқарушы директоры Б.Қ. Жұмабеков Кітапхананың білім беру жобаларының маңыздылығымен қатар, ынтымақтастықтың болашақ жоспарлары және Кітапхана қабырғасында қосымша білім алу мүмкіндігі туралы айтты.

0U3A6108

Меморандум шеңберінде IX Республикалық «Тарих Ата» олимпиада жеңімпаздарының қорытындысы жарияланды. Салтанатты шараға Қазақстанның барлық өңірлерінен 5-10 сыныптар аралығындағы 136 оқушы мен 44 мұғалім қатысты.

Қашықтық олимпиадаға 1 624 оқушы жұмысын тапсырған. 5-10 сынып оқушылары Қазақстан тарихы пәнінен тест жұмыстарын орындады. Сонымен қатар барынша жоғары нәтиже көрсеткен 8-10 сынып оқушылары Қазақстан тарихынан өзекті мәселелер бойынша эссе жазды.

0U3A6125

«Республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы» мемлекеттік кәсіпорын директоры Қирабаева Шолпан «Біздің балаларымыздың Елбасы кітапханасына алғаш келуі. Бүгін өте маңызды құжатқа қол қойыстық. Бізде дарынды оқушылар мен ұстаздар өте көп. Осы керемет ғимараттың қабырғасында ортақ семинарлар өткіземіз деп үміттенемін. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен «Дарын» орталығы атынан Елбасы кітапханасына жылы қабақ танытып, қолдау көрсеткендері үшін алғысымызды айтамыз. Елбасының кітапханасы жастардың мансап пен табысқа жету жолындағы баспалдағы деп есептеймін» деді.

Жас зияткер көшбасшылар үшін Қазақстан Тәуелсіздігінің тарихына арналған «Тарихпен танысу» атты деректі фильм көрсетілді.

0U3A6249

Нәтижелерін қорытындылауда оқушылар Қазақстан және әлем тарихынан жоғары білім деңгейлерін көрсетті. «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының алғыс хаттарымен, бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен қатысушылардың жартысынан астамы марапатталды.

Марапаттау рәсіміне Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Ғелманұлы Аяған қатысты.

Оқушылар мен ұстаздар марапаттау соңында «Қазақстандағы Президент институты» тақырыбы бойынша әңгіме өрбітіп, шақырылған қонақ қатысушылардың барлық сұрақтарына жауап берді.

0U3A6191