Елбасы кітапханасының оқырмандар залында жаңа маусым ашылды. Ниет білдірген тұрғындар рухани орданың қорындағы сирек кездесетін және құнды басылымдармен таныса алады. Бүгінде Елбасы кітапханасында 25 мыңнан астам кітап сақталған.
– Рухани азық – кітапқа деген қызығушылық арта түскені қуантады. Астана тұрғындары және қаланың меймандары тарапынан біздің басылымдарға сұраныс артты. Кітап сөрелерінен сирек кездесетін басылымдармен қатар отандық және шетелдік қаламгерлердің жаңа кітаптарын табуға болады. Бізге жас ғалымдар мен зерттеушілер жиі жүгінеді. Оқырмандар үшін әдебиет әлемінің тұңғиығына бойлауға мүмкіндік бар, – деп түсіндірді Кітапхана жұмысы қызметінің аға сарапшысы Бибігүл Бекенбаева.
Рысбай Кержікеев - Елбасы кітапханасының тұрақты мейманы. Астана тұрғыны қазақстандық қаламгерлердің туындыларын парақтайды, тарихи және әдеби кітаптарға асқан қызығушылық білдіреді.
–Бүгін қазақ жазушысы Анеса Сарайдың «Көк түріктері» кітабын оқуға кірістім. Енді келесі жолы Конфуцийдің еңбектерін зерделеуді ұйғардым. Менің жаныма жақын қаламгерлер: Абай, Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаев, Ілияс Есенберлинжәне басқалары, –деп өзінің пікірімен Рысбай Жұмағалиұлы бөлісті.
Қария туған жердің игілігі жолындағы тынымсыз еңбек адамды шыңдайтынына сенімді. Рысбай аға Торғай және Ақмола облыстарында инженер-механик қызметінде тер төккен. Астана тұрғыны зейнетке шыққанымен, азаматтық белсенділікке қол сілтемейді. Ол қаланың тынысына бей-жай қарамай, жастарға шахматты меңгертеді.
– Елбасы кітапханасындағы оқырмандар арасында жастарды жиі көремін. Бұл менің көңіліме қуаныш ұялатады. Рухани орданың кейінгі толқынды тәрбиелеу бағытында маңыздылығы жоғары. Бұл жерде елге сүйіспеншілік және патриоттық рухы сезіледі. Елбасының еңбек жолы – оның бір айғағы, – дейді Астана тұрғыны.
Оқырмандар залы дүйсенбі-жұма күндері сағат 10.00-нан 18.00-ге дейін қызмет етеді. Сенбі және жексенбі - демалыс.

