ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ МУЗЕЙІНІҢ ЖАҢА ҒИМАРАТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Елбасы кітапханасының музейі астананың сол жағалауынан орын тапқан жаңа ғимаратқа көшті.

  

Музей қызметі Америка мен Еуропадағы президент музейлерінің дәстүрлі үлгісінен әлдеқайда өзгеше. Оның табалдырығын аттаған келушілер мен зерттеушілер тәуелсіз мемлекеттің құрылу тарихынан сыр шертетін ордаға қызығушылық танытады.

Елбасы кітапханасы білім беру мен мәдени бағыттағы міндеттерді жүзеге асырудың жаңа мүмкіндіктеріне қол жеткізіп отыр. Мекеменің музей, архив, кітапхана қорын ұштастырған жаңа ғимарат қазіргі жастарға рухани, патриоттық тәрбие беруде, құндылықтар жүйесін қалыптастыруда маңызды ісін жалғастырады.

Осы тұста Елбасы кітапханасы мекемені коуоркиң үлгісіне негізделген ірі орталыққа көшіруді көздейді. Бұл жерде эстетикалық, интеллектуалды сұраныстарды жүзеге асыратын шығармашылық орта тамырын кең жаймақ.

Кең залдарға көшкен бірегей жәдігерлер енді үлкен көлемдегі қонақтар санына ұлт мұрасын көрсетіп, жерлестер мен шетелдік меймандарының көзайымына айналмақ. Музей кеңістігі әлемнің ірі музейлері мен Еуропа мен Азиядағы белгілі галереялардың көрмесін астанада ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Оқуға арналған интерактив орындар, коуоркиң орталығы, уақытша көрмелер аймағы, көп функциялы залдар ірі форумдар мен конференцияларды, кең ауқымды көрмелерді қамсыздайтын, түрлі санаттағы азаматтарға арналған коммуникация мен мәдениеттің ашық алаңын құрайды.

7 бөлімнен құралған экскурсия туры инсталляцияларды, 3D голография мен электронды карталарды, mapping-шоу мен touch-мониторларды, медиа үстелдер мен т.б. қамтиды.

Жаңа ғимараттың тұсаукесерінен басталған Елбасы кітапханасы қызметінің маңызды кезеңі індетке қарсы шараларға сәйкес жүріп жатыр. Экспозиция залдарының орналасқан жері мен ауданы келушілер арасындағы әлеуметтік қашықтықты сақтауға жағдай жасайды.

Музейдің жаңа ғимаратын алғаш тамашалауға келген қала тұрғындарын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кеңсесінің жетекшісі Махмұд Қасымбеков пен мекеме директоры Әмірхан Рахымжанов қарсы алды.

Экскурсиялар он адамнан аспайтын қонақтар санына 15 минут сайын жүріп отырады. Ниет танытқан жандарға кірудің еш талабы мен тәртібі жоқ. Дүйсенбіден басқа күндері жұмыс істейтін музей келушілерді 09.00-18.00 арасында түскі үзіліссіз, тегін қабылдайды.

Коуоркиң орталығы мен оқуға арналған интерактив залдар қонақтарды карантин шаралары әлсірегенде қабылдауға дайын.