26 мамырда танымал спортшы, мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева Елбасы кітапханасында болып қайтты.

Экскурсия кезінде Элизабет пен спортшының ата-анасы, оларды еріп келген ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының спорттық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу бөлімі басшысы Владислав Есипов музейдің жаңа ғимаратындағы экспозициялармен танысып, интерактивті платформалар мен экспонаттардың мүмкіндіктерін қолданды.

Спортшы Қазақстанға келгеннен кейін Елбасы кітапханасына баруды алдын ала жоспарлапты. Әйгілі жаттықтырушы Этери Тутберидземен Мәскеуде жаттығатын Э.Тұрсынбаева отанында сирек болады екен.
«Музейдің іші ерекше әдемі. Бір жерін бөліп, мақтаудың өзі қиын. Залдар мен экспозициялардың әрқайсы өзіндік әсер сыйлайды. Олардың көркемдігіне ұйып, көптеген қызық деректерді білуге болады. Соны арқасында кеудені мақтаныш сезімі кернейді», - дейді қонақ.

Спортшы мәнерлеп сырғанаудан ұтқан «Көктем жұлдыздары» ашық республикалық турнирінің күміс медалін Кітапханаға тарту етті.
Бұл – спортшының алғашқы сыйлығы емес. Ағымдағы жылдың 12 наурызында Елбасы кітапханасында өткен «Қазақстан мақтанышы» спорт-ревюі кезінде спортшының конькиі мекемеге тарту етілген болатын. Бұл конькимен Элизабет әлем чемпионатында төрт айналым әдісін орындап, Қазақстанды әлемдік спорттың жаңа тарихына енгізген еді.
Жеңіс атрибуттары мен жеке марапаттарын сол күні басқа да танымал спортшыларымыз сыйлаған болатын.

Жуырда реэкспозиция жүргізілген «Қазақстан мақтанышы» залында келушілер ауыр атлетикадан 2014 жылғы әлем чемпионы Илья Ильиннің алтын медалін, бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің «Rio-2016 Daniyar Yeleussinov» атты жекешелендірілген алтын қолғабын, Азияның бірнеше дүркін чемпионы, Қазақстанның абсолютті чемпионы Әлия Юсупованың сыйлықтар жиынтығын, үш дүркін Олимпиада жүлдегері Гюзель Манюрованың спорт киімін, қазақ күресі бойынша әлем және Азия чемпионы Бейбіт Ыстыбаевтың «Қазақстан барысы. Астана-2015» атты белбеуін, Дархан Нортаевтың дзиу-джитсудан әлем чемпионаты кубогын, Мөлдір Мекенбаеваның джиу-джитсудан 2019 жылғы Азия чемпионатының медальдерін тамашалай алады.
Естеріңізге салсақ, экскурсиялар Ә.Бөкейхан к-сі, 1а (сол жағалау) мен Бейбітшілік к-сі, 11 (оң жағалау) мекенжайындағы музейдің қос ғимаратында да өтеді. Мекеме дүйсенбіден бөлек күн сайын 10:00-18:00 аралығында үзіліссіз жұмыс істейді.
Карантин шаралары тұсында келушілер «Ashyq» мобильдік қосымшасы арқылы қабылданатынын хабарлаймыз.
Анықтама бойынша +7 (7172) 751296, 751292, 693041, 693044 нөмірлеріне қоңырау шалуға болады.