Үстіміздегі жылдың 9 ақпанында Елбасы кітапханасы Музейінде Ғылыми-білім беру бағдарламасын жүзеге асыру аясында дәрістердің кезекті маусымы өз жұмысын бастады. Елордадағы Көлік және коммуникация колледжінің ұстаздары мен оқушыларына Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова өзінің алғы сөзінде:
– Колледж Елбасы кітапханасымен бұрыннан әріптес ретінде біздің жобалар мен іс-шараларымызға үнемі қатысып келеді. Әсіресе, Кітапхананың ауыспалы кубогі үшін орта арнаулы оқу орындарының арасында өткен дебат турнирлеріне белсенді атсалысқанын ерекше атап өткім келеді, – деді.
Бүгін елорда колледжінің оқушыларына құқықтық жаңғырудың маңызды бағыттары, еліміздің азаматтық қоғамы мен құқықтық мемлекет болып қалыптасуына арналған «Қазақстан Республикасындағы құқықтық сана мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру» дәрісі өткізілді. Дәріс барысында Мемлекет басшысының Жеке Архивінен еліміздің Ата заңы – Конституцияны жетілдірудегі, және егеменді Қазақстанның конституциялық негізін қалыптастырудағы Н. Ә. Назарбаевтың рөлін айшықтайтын бірегей фотосуреттер мен құжаттар көрсетілді.

Оқушылар жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын-алу шараларының өзекті мәселелері жөнінде көптеген сұрақтар қойды. Талқылау барысындағы ұсыныстар мен идеялар жастар арасындағы қылмыспен күрес мәселелерін шешуде бүгінгі буынның қызығушылықтары жоғары екенін көрсетті.
Оқушылар дәріс соңында алған әсерлерімен бөлісті.
Владимир Герт:

– Әр азаматты заң мен оның нормаларын құрметтеуге тәрбиелегенде ғана құқықтық мемлекет, заманауи өркениетті және демократиялық қоғам қалыптастыруға болады. Мұны қазақстандық қоғамның негізгі міндеті деп санаймын.
Павел Штро:

– Дәрісте жаңа кезеңдегі қазақстандық қоғамның дамуындағы өзекті мәселелер – діни экстремизм, қоғамды демократияландыру және қазақстандық патриотизм кеңінен қамтылды.
Темірлан Әбдірахимов:

– Маған Президент Н. Назарбаевтың өмір тарихы ерекше әсер қалдырды. Біздің Елбасымыз әлемдік деңгейдегі саясаткер ғана емес, Ұлы адам дер едім. Сонысына қарамастан өте қарапайым, адамгершілігі мол, данышпан жан. Мені Президенттің өзі дүниежүзі елдерінің конституциясын зерттеп, маңызды тұстарына мән бергені таңқалдырды.
Жоламан Шайманов:

– Құқықтық мәдениет тақырыбы мен үшін жаңалық болды. Бүгінгі дәріс расымен де танымды болды. Мен Елбасы кітапханасының дәрістеріне міндетті түрде тағы да келетін боламын.
Дәрістен кейін Білім беру бағдарламасының тыңдаушыларына Елбасы тұлғасы және қызметі арқылы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы кезеңдерімен танысуға мүмкіндік беретін Астанадағы Президент Н. Ә. Назарбаевтың алғашқы Резиденциясының ғимараты бойынша шолу экскурсиясы жүргізілді.
