ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ МУЗЕЙАРАЛЫҚ РЕГАТАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейаралық регатасы осы жылдың 30 қазаны мен 11 желтоқсаны аралығында өтті. Қызықты іс-шараға елордалық мектеп оқушылары қатысты. Қорытынды ойын және жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Елбасы кітапханасы музейінің жаңа ғимаратында өтті.

 

Бірінші кезеңде жеті адамнан тұратын экипаж мүшелері бас қалада орналасқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейі, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери-тарихи музейі, Сәкен Сейфуллин атындағы мемлекеттік музейлерін аралады.

Іріктеу нәтижесі бойынша финалдық ойынға өткен «Абай ұрпақтары» (№65 МГ), «Болашақ» (№83 МГ), «Алаш» (№77 МГ) және «Кракен» (№ 71 МЛ) командалар «Архипелагта» сайысты. Оқушылар «Архипелагта» Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тұлға болып қалыптасуынан бастап президенттік жолын саралайтын экспозициялық залдарда квест-сұрақтарға жауап берді.

Капитандар арасындағы жарыс жас қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Жас көшбасшылар ҚР Әскери-теңіз күштерінің басты атрибуттарын табу керек болатын. Нәтижесінде «Үздік капитан» атағына № 65 мектеп-гимназиясының оқушысы Айым Аспандиярова ие болды.

Жарыс қорытындысы бойынша №71 мектеп-лицейінің «Кракен» экипажы абсолютті жеңімпаз атанып,  Бас жүлдеге ие болды. Оларға Елбасы кітапханасының ауыспалы кубогі табысталды.

1 орын – № 83 мектеп-гимназиясы, «Болашақ» командасы;

2 орын – № 65 мектеп-гимназиясы, «Абай ұрпақтары» командасы;

3 орын – № 77 мектеп-гимназиясы, «Алаш» командасы.

Ойынға қатысқан барлық командаларға сыйлықтар мен сертификаттар табысталды.

Елбасы кітапханасының музейаралық регатасының мақсатыЕлбасы кітапханасының музей жинағын Нұр-Сұлтан қаласының мәдени-білім беру ортасына кіріктіру арқылы  көпшілікке насихаттау. Сондай-ақ туған жер, оның ішінде қазақстандық қоғамның даму тарихына елеулі үлес қосқан танымал тұлғалардың өмірі мен қызметі туралы тереңірек білуге жол ашады.  Сонымен қатар, регата оқушылардың Отанның жаңа тарихын зерттеуге деген қызығушылығын арттырып, егеменді Қазақстанның қалыптасуы мен нығаюындағы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың рөлін айқындауды  көздейді.

Фотогалерея