ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ МЕН ТҮРІКСОЙ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

Бүгін Елбасы кітапханасында Елбасы кітапханасы мен Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРІКСОЙ) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат пен ТҮРІКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов қол қойды.

  

Меморандумның мақсаты – түркі мәдениетінің қалыптасуы мен даму тарихын зерделеу бойынша бірлескен мәдени-білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру. Тараптар ғылыми, білім беру, шығармашылық жобалар мен бағдарламалар, көрмелер, форумдар, конференциялар және басқа да қоғамдық маңызы бар іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр.

Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат ТҮРІКСОЙ-мен түркі халықтары арасындағы бауырластық пен достықты нығайтуға бағытталған ауқымды қызмет аясында екі ұйымның ынтымақтастықтығын одан әрі арттырудың мүмкіндіктері мол екенін атап өтті.

«Елбасы кітапханасы 2014 жылы құрылған сәттен бастап Елбасының саяси жетістіктерін насихаттап, оның әлем картасында жаңа тәуелсіз мемлекет құрудағы рөлі бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың түркі әлемінің ақсақалы ретіндегі беделін ескере отырып, Елбасы кітапханасы мен ТҮРІКСОЙ ұйымының бірлескен әрі жүйелі жұмысына түркі халықтарының мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және дамыту ісіне қуатты серпін беру қажет деп санаймын», - деді Б.Темірболат.

  

Өз кезегінде Д. Қасейінов Елбасы кітапханасы музейінің жаңа ғимаратынан алған әсерімен бөлісіп, мұндағы жинақтардың қазақстандықтардың жаңа буынын тәрбиелеу ісіндегі құндылығын атап өтті: «Мұнда Қазақстанның Тәуелсіздік тарихы мен 30 жылдағы жетістіктері жан-жақты әрі толық ұсынылған. Цифрлық технологиялармен жабдықталған бірегей экспозицияларды барлық қазақстандықтар мен шетелдік қонақтар міндетті түрде көруге тиіс. Музейде Елбасы жолының тарихын, оның саяси жетістіктері мен бастамаларын ашатын мұра ұқыпты сақталған. Елбасы кітапханасымен меморандумға қол қою біз үшін үлкен мәртебе, бұл біздің жұмысымызға жаңа серпін береді», - деп ой бөлісті Д. Қасейінов. Кездесу соңында Д. Қасейінов кітапхана директорына ТҮРКСОЙ ұйымы шығарған ағылшын тіліндегі «Абай» кітабын табыс етті.

  

ТҮРІКСОЙ ұйымы 1993 жылы 12 шілдеде Алматыда халықаралық кеңістікте түркі әлемінің көшбасшысы атанған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен құрылды. Түркі интеграциясының архитекторы ретінде Елбасы 2009 жылы Орталық Азия елдері аумағында жаһандық, гуманитарлық бастамалар мен ірі экономикалық жобаларды іске асыратын ұйым – Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін – Түркі кеңесін құруға бастамашы болды.