ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ МЕН М.В. ЛОМОНОСОВ АТЫНДАҒЫ ММУ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ФИЛИАЛЫ СЕРІКТЕСТІК ЖӨНІНДЕ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

Бүгін Назарбаев орталығында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалы серіктестік жөніндегі меморандумға қол қойды.

Құжатқа қол қою рәсіміне Елбасы кітапханасы директорының орынбасарлары Әмірхан Рахымжанов пен Ботагөз Қайыпова, М.В.Ломоносов атындағы ММУ Қазақстандағы филиалының директоры Александр Сидорович пен орынбасары Сәбина Аязбекова қатысты.

Ә. Рахымжанов қонақтарды жылы қарсы алып, аталмыш кездесу мен серіктестік меморандумының қос мекеме қызметін жаңа кезеңге бастайтынын белгіледі.

– Мәскеу мемлекеттік университеті – әлемдегі ең үздік университеттердің бірі. Мемлекеттіліктің дамуына ықпал еткен оның Ресей тарихындағы маңызы зор. 1994 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ММУ студенттерінің алдында сөйлеген сөзінде Еуразиялық интеграция идеясын алға тартқан болатын. Сол уақыттан бастап Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының саяси сөздігіне еуразияшылдық, еуразиялық кеңістік, еуразиялық интеграция сынды түсініктер енді. ММУ-дың Қазақстандағы филиалы да Мәскеу университетінің құрметті профессоры мен сыйлы докторы, Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасының бастамасымен құрылған еді. Бұл деректердің мекемелер арасындағы қоян-қолтық байланысты күшейте түсетіні сөзсіз. Бүгін де біз Қазақстан қоғамының игілігі үшін бірлескен, нәтижелі жұмыстың бастауына айналатын серіктестік жөніндегі меморандумға қол қойып жатырмыз, - деді Әмірхан Мұратбекұлы.

Екі тарап меморандумға жастар саясаты, Қазақстанның құрылу және даму тарихын зерттеу бойынша бірлескен мәдени-білім беру және ғылыми-зерттеушілік жобаларды іске асыру мақсатында қол қойды. Ынтымақтастың негізгі міндеттерінің бірі – Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың идеялары мен бастамаларын ілгерілету болып отыр.

– Меніңше, қазақ елінің біртуар көшбасшысы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеяларын халыққа жеткізу мен дәріптеуде Кітапхананың рөлі аса маңызды. Ал ағартушылық қызмет көмегімен жастар санасына әсер етіп, ұрпақтар сабақтастығын сақтап қалу арқылы қолғабыс ету – Қазақстандағы барлық білім беру ұйымдарының міндеті. Бұл міндетті елемеген қоғамдар қатарының қателігін қайталамағанымыз жөн. Біз үшін Елбасы кітапханасымен серіктестік жөнінде меморандумға қол қою – үлкен абырой. Құжатты жүзеге асыруда бірқатар бірлескен акциялар мен іс-шаралар өткізуіміз керек. Өз тарапымыздан бұл жұмыстың ғылым мен білім саласында жүйелі, дәйекті түрде орындалуына бар күшімізді салмақшымыз, - деді А. Сидорович.

Кітапхана мен жоғарғы оқу орны арасындағы серіктестік әлеуметтік маңызы зор іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу бойынша бірлескен жұмысқа жағдай жасап, өзара алмасу мен ғылыми байланыстар орнатады, бірлескен шығармашылық және білім беру жобалары мен бағдарламаларын іске қосып, көрмелер мен әлеуметтік маңызы зор іс-шараларды жүзеге асырады.

Құрылған уақытынан бастап, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Кітапханасы мен Музейі түрлі мемлекеттік мекемелермен, қоғамдық ұйымдар мен қорлармен серіктестік жөнінде 92 меморандумға қол қойды. Олардың 45-і  Қазақстанның жоғарғы оқу орындарымен келісілген.