ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ МЕН ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ АРАСЫНДА МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арасында ынтымақтастық туралы Меморандум жасалды.

Меморандум мақсаты – Қазақстанның сыртқы саясаты, халықаралық қарым-қатынас, жаһандық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша ғылыми, білім беру және ақпараттық жобаларды іске асыру үшін жағдай жасау. Құжатқа Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат және ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев қол қойды

Іс-шара барысында Елбасы кітапханасының директоры Б.Темірболат Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен орнатқан стратегиялық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

«Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан әлемнің 182 мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, барлық дерлік негізгі халықаралық ұйымдардың мүшесі болды. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі арқылы халықаралық бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздікті нығайту бойынша тынымсыз жұмысты жалғастырып келеді. Еліміздің жетістіктерін, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың идеялары мен бастамаларын әлемдік кеңістікте дәріптеу – біздің ортақ мақсатымыз. Елбасы кітапханасы министрлікпен тығыз байланыс орнатып, соңғы жарты жылдың ішінде бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырды. Олардың қатарында түрік тіліндегі «Ұлы Дала мұрасы» кітабының тұсаукесері, Астанада ЕҚЫҰ Саммитінің 10 жылдығына және Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Астанадағы ЕҚЫҰ-2010 саммитінің тарихи мәні мен өзектілігі» халықаралық онлайн-конференциясы бар. Бүгінгі Меморандум еліміздің сыртқы саясатын ілгерілету және Н.Ә.Назарбаевтың жаһандық стратегиялық бастамаларын насихаттау мақсатында жаңа белестер мен мүмкіндіктер ашады деп санаймын», – деді мекеме директоры.

Өз кезегінде Ш.Нұрышев екі жақты серіктестіктің мүмкіндіктері турасында айтты.

«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Елбасы кітапханасымен тығыз қарым-қатынас орнатып келеді. Бүгінгі келісілген екі жақты Меморандум ерекше сипатқа ие. Ынтымақтастық шеңберінде еліміздің сыртқы саясаты жаңа қырынан танылады деп сенемін, өйткені Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саясаты талай бастамаларға арқау болатындығы айқын», – деп сөзін қорытындылады ол.

Елбасы кітапханасы халықаралық байланысты кеңейтуді көздейді. Осыған орай, Елбасы кітапханасының аталған министрлікпен серіктестігі Қазақстанның имиджін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жасампаздық-шығармашылық идеялары мен стратегиялық бастамаларын халықаралық кеңістікте насихаттауға ерекше серпін береді.

Кездесуде ынтымақтастықтың негізгі нысандары талқыланды. Қос тарап жалпы бағдарламаларды енгізу, қоғамдық маңызы бар іс-шараларды өткізу, тараптар арасында тұрақты ақпарат алмасу, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық өкілдіктердің мүшелерімен байланысты кеңейту бойынша қолдау көрсететін болады.