ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ МАХАМБЕТ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ҮШІН «ТАРИХИ ТАҢДАУ» КӨШПЕЛІ ТАҚЫРЫПТЫҚ ЭКСКУРСИЯСЫН ҰСЫНДЫ

2018 жылдың 19 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесі аясында Атырау облысы Махамбет ауданының тұрғындары үшін көшпелі тақырыптық экскурсиялары жүргізілді.

Іс-шараның салтанатты ашылу рәсіміне Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов, Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева, Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова, Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Светлана Аманшиева қатысты.

Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов көрмені ашқан алғы сөзінде Атырау облысындағы көшпелі көрме жобасының аясында Елбасы кітапханасының архив, кітапхана, музей қорынан бірегей материалдарды ұсынатынын атап өтті.

Әмірхан Мұратбекұлы Махамбет ауданының әкімдігіне қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, ауданы әкімінің орынбасары Светлана Аманшиеваға Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбековтің атынан алғыс хатты табыс етті.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова көшпелі көрме жобасының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына тоқталды:

– Атырау облысы мен Атырау қаласының тұрғындары керемет қор көрмесіне деген зор құрметі мен шынайы алғыстарын жаудырып жатыр. Осы жобаның аясында өтіп жатқан түрлі іс-шаралардың барлық қатысушылары Елбасы кітапханасы қызметкерлерінің жоғары кәсібиліктері мен жұмыстарындағы инновациялық әдістеріне жоғары баға беруде.

Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Светлана Аманшиева өз сөзінде осындай іс-шараларды өткізудің ауыл тұрғындары үшін маңызы зор екенін айтты:

– Елбасы кітапханасының көшпелі іс-шараларын тамашалаған ауданымыздың тұрғындары ауқымды жобаның жүзеге асырылуына атсалысқандарына өте риза. Ауданымыздың тұрғындары атынан Елбасы кітапханасының қорынан лайықты орнын алады деген үмітпен, зор құрметіміздің белгісі ретінде кітап пен Махамбет Өтемісұлы бейнеленген кілемді табыс етуге рұқсат етіңіздер.

«Тарихи таңдау» көшпелі экскурсиясы атты көшпелі тақырыптық экскурсиясы Н. Ә. Назарбаевтың өмірбаян деректері, комсомол-металлургтен бастап ҚазКСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан КП ОК Бірінші Хатшысы, Жоғарғы Кеңес Төрағасы және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасына дейінгі жүріп өткен жолы жайлы баяндайтын сирек кездесетін бейнешежіре, фотосуреттер және архивтік құжаттармен таныстырады.

Көшпелі тақырыптық экскурсиялары архив материалдарының негізінде тәуелсіз Қазақстанның сыртқы әлеммен тату көршілік және ынтымақтастыққа бағытталған алғашқы қадамдарын жүйелі түрде ашып көрсетуге мүмкіндік берді. Көшпелі экскурсияға келушілер бірегей архивтік материалдар – Президенттің қолжазбалары, шет елдердің басшыларымен, халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен хат алмасқан жеке жазбалары, дипломатиялық тартулар сынды жәдігерлерді қолмен ұстап көру мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар іс-шараның қонақтарына Мемлекет басшысының Жеке архивінен алынған «Назарбаев моделі» фильмі ұсынылды.

Көшпелі экскурсиялар қалың жұртшылық назарына бірегей қор жәдігерлерімен қоса, экскурсия ұйымдастырудың заманауи әдістерін де көрсетті. Экскурсияның соңында қонақтар шараны ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

Наина Бәкірова, Есенбай Ағелеуов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы:

– Астанада бұрын бірінеше рет болғаныммен Елбасы кітапханасына кіріп көрмеппін. Кітапхана қызметкерлерінің бізге жүргізген таныстырылымы арқасында мәдениет ордасын аралап шыққандай күйдемін. Кезекті сапарымда бұл зәулім сарайға міндетті түрде отбасыммен барамын. Осындай мақсатты сыйлаған мазмұнды іс-шараға ризамын!