Елбасы кітапханасы -  әлеуметтік маңызды жобалардың алаңы

Елбасы кітапханасының «Кемел Ел» мәдени білім беру жұмысы және жастарды тәрбиелеу орталығы жанынан құрылған «Кемел Ел» сарапшылық клубының кезекті отырысы өтті. Белсенді жастардың басқосуында қолға алынған 15 әлеуметтік маңызды жобаның барысы бағамдалды. «Таbys-club», «Менің болашағым», «Шапағат», «ЭКСПО-2017 еріктілеріне арналған хаттама мектебі», «QORLAN» тұлғаны дамыту мектебі іспетті бастамалар кейінгі толқын үшін өзін-өзі дамытудың кең мүмкіндіктер аясын ашады. Олардың бірі магистрант Аяжан Мұстафинаның ойынан туған. «Суреттердің арт-көрмесі» арқылы көпшіліктің назарын еліміздегі таңғажайып мекендерге, сәулеттің ерекше көріністеріне аудару көзделген.

Бүгінде жастар селфи жасауға әуес. Заманауи үрдісті қоғамның кәдесіне жаратуды ұйғардық. Біздің жоба сурет өнеріне деген қызығушылықты оятуға бағытталған. 2017 жылдың ақпан-сәуір айларында байқау жарияланады. Оған сәйкес 4 санаттағы суреттер қабылданады: тамақ, ақ-қара түсті, этно және сәулет. Оларды іріктеп, арнайы сайтқа жүктейміз. Жеңімпаздар көпшіліктің дауыс беруімен анықталады. Ал үздік суреттер негізінде street-арт көрмесін өткізу жоспарланған, - дейді бастамашыл жас.

Аяжанмен қатар Сарапшылық клубтың басқа мүшелері де Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге атсалысады. Олардың бірі халықаралық шараның еріктісі атанса, екіншілері волонтерлардың жұмысын үйлестіретін супервайзердің міндетін арқаламақ.

– Елімізде еріктілер және клуб қозғалысын дамытып, оларға жастардың жаппай атсалысуын қамтамасыз ету қажет. Бұл міндетті арқалаған Сарапшылық клубтың жемісті жұмысы арқасында 15 әлеуметтік маңызды жоба өмірге жолдама алды. Оларды қолға алған жастар атқарған жұмыстарын баяндады. Барлық жоба  - біздің қатаң бақылауымызда. Олардың жүзеге асырылу барысын қадағалап, оларға ақыл-кеңес беріп, көмек көрсету қажет. Бүгінгі басқосуымыз нақты іске көшудің қадамы. , – деп атап өтті «Зерайна» қоғамдық қорының директоры Людмила Бурлаченко.

Өмірге жолдама алған жобалардың әрқайсысы бағаланады. Оның негізінде еріктілер мен супервайзерлердің рейтингісін жүргізу діттеліп отыр.