ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ «ҚАЗАҚСТАННЫҢ 100 ЖАҢА ЕСІМІ» ЖОБАСЫН ҚОЛДАЙДЫ

Өз кәсібінде бірегей болу, ешкімге ұқсамау. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының үйлестірушісі Бибігүл Құламан осыған шақырады. Жылдан жылға жобаға қатысушылардың саны өсіп келеді. Бибігүлдің сөзінше, 2019 жылы еліміз бойынша екі мыңнан астам адам өз ісінің ең үздігі атағына ұсынылып, өтінімдердің рекордтық көрсеткіші тіркеліпті. Ақтық мәреге 32 қазақстандық өтті. Жобаның барлық маусымының жеңімпаздары – Елбасы кітапханасының «Болашаққа жол өзіңнен басталады» семинарының тұрақты қатысушылары. Аяғына нық тұрып, табысқа жеткен қазақстандықтар еліміздің түкпір-түкпірінен келген тыңдаушыларға тренинг өткізеді. Елбасы кітапханасы сайтының «Ұлы дала тарландары» айдарында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары туралы материалдар жарияланып тұрады.

Қатысушылар санының өсуімен халықтың белсенділігі де артуда. Мәселен, екінші маусымда бір адамға берілген дауыс саны 16 мыңнан асты. Бұл дауысты жинаған - Ларион Лян. Үшінші маусымда дауыс саны екі есе артып, Азат Сембиновке 35 мыңнан астам дауыс берілген. Бибігүл Құламан ұйымдастырушылардың мұндай белсенділікті күтпегенін айтады:

«Бұл «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына халықтың бей-жай қарамайтындығын білдіреді, Елбасы ұсынған жоба – бүгінгі таңдағы өзекті де аса қажетті бастама екенін білдіреді. Жоба заманауи, белсенді, креативті және іскер қазақстандықтардың жаңа буынының бейнесі іспетті. Ондаған мың дауысты бірді-екілі емес 25 финалистің жинауы - осының дәлелі. Сонымен қатар, олардың барлығы дерлік өз елінің аумағында ғана емес, халықаралық деңгейде өздерін таныта алған азаматтар. Мысалы, Алматы облысының өкілі Әйгерім Берекешева «Бизнес» санатында жеңімпаз атанды. Әйгерім АҚШ-тың Нью-Йорк қаласы адвокаттар алқасының мүшесі, өткен жылғы желтоқсанда өз компаниясының кеңсесін ашты. Бүгінде ол Азия, Еуропа және АҚШ бизнесмендерімен жұмыс жасап, оларды Қазақстанның түрлі салаларына инвестор ретінде тартуда. Тағы бір жеңімпазымыз - мобильді ойындардың продюсері Алдияр Жұмажан, оның жасап шығарған мобильді ойындарының бірі - интернет қолданушылардың жүктеу саны бойынша ҮЗДІК бестікке енген. Қытайда тұратын Алдияр ірі IT корпорациясының топ-менеджері. Қазіргі уақытта ежелгі Қазақстан туралы әлемдегі алғашқы мобильді 3D ойынын әзірлеумен айналысуда. Осылайша Алдияр қазақтың мәдениетін, тарихын барша әлемге танытқысы келеді, сонымен қатар елге қаражат тартып, отандық ақпараттық технологиялар нарығының дамуына өз үлесін қоспақ ниетте».

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының мақсаты – қазақстандықтар өмірінің нақты тарихының мысалымен табыстылық, бәсекелік қабілет, прагматизм және білімнің салтанат құруы идеяларын ілгерілету. Финал қатысушыларының жобаға қатысуы - оларды бұрыңғыдан да жоғары дамуына және тиімділікке жетуіне шабыттандырды, жоба тиімді қозғаушы күшке айналды. Асан Жолдасов - екінші маусымның финалисті. 2018 жылдың финалына шықанда оның оқушыларға математика пәнін оқытатын жеке мектебі болған еді. Асанның айтуынша, жобаға қатысқаннан кейін еліміз бойынша балаларды қамтуды кеңейту жөнінде жауапкершілікті сезінген. Бүгінде Асан  Қазақстан бойынша он мектеп ашты. Ең маңыздысы - оның шәкірттері ірі олимпиадаларда жеңіске жетуде. Ал, олардың бірқатары - қазірдің өзінде әлемнің жетекші университеттерінде білім алуда.

«Әзірге жобамыздың баламасы жоқ. Бұл - қазақстандықтар арасында үлкен қолдауға ие болған Елбасының төл туындысы. Жобаның дамып келе жатқанына және финалистер арасында серіктестіктің туындағанына өте қуаныштымыз. Үшінші маусымның финалистері – Айжан Жүзбай мен Иманбек Зейкенов. Айжан – киім дизайнері, Иманбек – музыкант, танымал ремикстерді жасаушы, екеуі бірлесе өте қызықты жоба ойлап тапты, жақын арада жарыққа шығады деп үміттенемін. Ал, Әсел Баймұқанова – мен бұрын-соңды кездестіріп көрмеген ғажайып эколог дер едім. Әсел әкесімен бірге айлап жапан далада өмір сүріп, экологияның ең нәзік тепе-теңдігін зерттеумен, сақтаумен айналысады. Итбалықтарды құтқаруды өзінің негізгі міндеті деп санайды. Кейде оған сағаттап суда тұрып, жануарларды бейнежазбаға түсіруге тура келеді. Ол күш-жігерін толықтай сүйікті кәсібіне арнап, кейде өзін де ұмытып кетеді. Бұл - бірегей қасиет, сирек жанкештілік. Біздің жобада осындай өз кәсібін сүйетін ерекше де қызықты жандар жыл санап көбейіп келеді», - дейді Бибігүл Құламан.