ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ ИНДЕР ТҰРҒЫНДАРЫ ҮШІН «ТАРИХИ ТАҢДАУ» ТАҚЫРЫПТЫҚ ЭКСКУРСИЯСЫН ҰСЫНДЫ

2018 жылдың 17 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесі аясында Атырау облысы Индер ауданының тұрғындары үшін көшпелі тақырыптық экскурсиялары ұйымдастырылды.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова Атырау облысындағы Елбасы кітапханасының көшпелі көрме жобасының аясында түрлі форматтағы 15 іс-шара жоспарланғаны жөнінде айтып өтті:

– Елбасы кітапханасының жетекші мамандары мәдени-ағартушылық қызметінің бағыттары бойынша осы өңірдегі әріптестерін заманауи әдістермен таныстыруда. Олар Атырау облысының жұртшылығымен кездесуге үлкен дайындықпен келді. Бір аптаның ішінде бірнеше кездесулер, семинарлар, тренингтер өткізіледі.

Іс-шараны ашқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы директорының бірінші орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов:

– Елбасы кітапханасы – мәдени-ағартушылық, ғылыми-білім беру, талдау орталығын қамтитын және бірегей жәдігерлер мен тәуелсіз Қазақстанның тарихы бойынша құнды құжаттарды сақтайтын жалғыз кешен. Кітапхана жұмысы бес бағыт бойынша қызмет атқарады. Елбасы кітапханасында Президенттің өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап жинаған 28 мыңнан астам кітап қоры сақталған. Императорлар мен корольдерден сыйға келген кітаптар да бар. Барлық кітап нөмірленіп, тіркелген және Кітапхананың сайтында қол жетімді.

«Тарихи таңдау» көшпелі экскурсиясы атты көшпелі тақырыптық экскурсиясы Н. Ә. Назарбаевтың өмірбаян деректері, комсомол-металлургтен бастап ҚазКСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан КП ОК Бірінші Хатшысы, Жоғарғы Кеңес Төрағасы және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасына дейінгі жүріп өткен жолы жайлы баяндайтын сирек кездесетін бейнешежіре, фотосуреттер және архивтік құжаттармен таныстырады.

Көшпелі тақырыптық экскурсиялары архив материалдарының негізінде тәуелсіз Қазақстанның сыртқы әлеммен тату көршілік және ынтымақтастыққа бағытталған алғашқы қадамдарын жүйелі түрде ашып көрсетуге мүмкіндік берді. Көшпелі экскурсияға келушілер бірегей архивтік материалдар – Президенттің қолжазбалары, шет елдердің басшыларымен, халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен хат алмасқан жеке жазбалары, дипломатиялық тартулар сынды жәдігерлерді қолмен ұстап көру мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар іс-шараның қонақтарына Мемлекет басшысының Жеке архивінен алынған «Назарбаев моделі» фильмі ұсынылды.

 

Көшпелі экскурсиялар қалың жұртшылық назарына бірегей қор жәдігерлерімен қоса, экскурсия ұйымдастырудың заманауи әдістерін де көрсетті. Экскурсияның соңында қонақтар шараны ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

Айгүл Өмірбекова, С. Сейфуллин атындағы орта мектептің педагог-психологі:

– Біз мектебіміздің оқушыларын осы іс-шараға арнайы алып келдік. Көрген дүниелерімізден үлкен әсер алдық. Елбасының өмірі мен саяси қызметі жөнінде жаңа әрі өзекті ақпараттар көп екен. Балалардың қуаныштарында шек жоқ. Мемлекет басшысына тиесілі жәдігерлерді қолдарымен ұстап көріп, жақынырақ танысқандарына риза болды.

Айтолқын Әлібекқызы, С. Сейфуллин атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы:

– Елбасы кітапханасының қызықты көрмесі мен танымдық экскурсиясы өте ұнады. Осындай іс-шараның екі айға созылатыны қуантады. Атырау қаласындағы қор көрмесіне де қатысуға тырысамын. Қазақстан жастары Елбасын үлгі тұтады. Ол қарапайым отбасында тәрбиеленіп, өзінің қайтпас қайсарлығы мен табанды еңбекқорлығының арқасында биік шыңдарға көтерілді. Мен де оқуымды аяқтап, өз елімнің көркеюіне үлесімді тигізгім келеді.