Бүгін Елбасы кітапханасында Ғылыми кеңестің отырысы өтті. Елбасы кітапханасының директоры, Ғылыми кеңестің төрағасы Әмірхан Рахымжанов алғы сөзінде қатысушыларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, биылғы жылы пандемия салдарынан туындаған қиындықтарға қарамастан, кітапхана өзінің ғылыми-зерттеу қызметін белсенді түрде жалғастырғанын атап өтті.
Алғашқылардың бірі болып Әлеуметтік-ағартушылық және білім беру жобалары қызметінің жетекшісі Күнсұлу Исинова «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері» оқу-әдістемелік құралын басылымға дайындау туралы баяндама жасады.
«Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздері туралы бір қарағанда жұрттың бәрі білетіндей көрінеді. Алайда, Елбасы кітапханасының білім беру семинарларының тәжірибесі оқушылар мен студенттердің бұл тақырып бойынша білімдерінің таяз екенін көрсетеді. Мысалы, мемлекеттік елтаңбада қырықтан астам элемент бар, бірақ тыңдаушылар, әдетте, олардың бірнешеуін ғана атай алады. Сонымен қатар, әр элементтің астарында идея, бүтін тарих жатыр. Сол себепті де аталған оқу құралын дайындау қажеттілігі туындады», – деді К.Исинова.
Елбасы кітапханасы қызметкерлерінің жыл сайынғы ғылыми еңбектер жинағын дайындау туралы кітапхананың жетекші ғылыми қызметкері Назира Мусина баяндады. Оның айтуынша, дайындалып жатқан басылымға Қазақстан тәуелсіздігінің өзекті мәселелеріне, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә.Назарбаевтың тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен дамуындағы рөлі мен бастамаларын талдауға арналған отыз мақала енген. Мақалалар Елбасы кітапханасының ғылыми-зерттеу және білім беру қызметін толық әрі жан-жақты көрсетеді.
«Бұл жинақтың бір ерекшелігі – басылымға ғылыми дәрежесі бар кітапхананың ғылыми қызметкерлері ғана емес, сонымен қатар басқа да қызметкерлер, соның ішінде жас мамандар өз еңбектерін жариялай алады. Жинақ қызықты әрі шағын болып шықты, оның ғылыми ортада үлкен сұранысқа ие болатынына сенімдімін», – деп атап өтті Ғылыми кеңестің төрағасы Әмірхан Рахымжанов.
Елбасы кітапханасының дөңгелек үстелдер мен форумдарының материалдар жинағы да баспаға дайын. Атап айтқанда, оған осы жылғы 4 маусымда Елбасы кітапханасында Республиканың жастар ұйымдары көшбасшыларының қатысуымен өткен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған онлайн дөңгелек үстел материалдары енді. Сонымен қатар, жинаққа Қазақстандағы Волонтерлер жылының жабылуына арналған онлайн дөңгелек үстел материалдары енгізілді.
«Н.Ә. Назарбаевтың жоғары мемлекеттік наградалар коллекциясы» альбомын басылымға дайындау туралы Елбасы кітапханасының жетекші сарапшысы Ғайни Серікбаева баяндады. Кітап-альбомның қазіргі шығарылымы – бұл 2002 және 2007 жылдары жарық көрген басылымның толықтырылған нұсқасы. Альбомнан Н.Ә. Назарбаевтың марапаттар призмасы арқылы тәуелсіздік жылдары маңызды геосаяси үдерістердің белсенді қатысушысына айналған бірегей тұлғаның әлемдік дипломатиялық және саяси ойының өрлеуін және елдің қарышты даму кезеңдерін аңғаруға болады. Сондай-ақ, шығарылымға «Н.Ә. Назарбаевтың қоғамдық наградалар коллекциясы» каталогы мен қазақстандық танымал суретшілердің шығармалары енген бейнелеу өнері топтамаларының каталогы дайындалуда.