Елбасы кітапханасының Ғылыми кеңесі 2017 жылы құрылған сәттен бастап ғылыми-зерттеу, ғылыми-білім беру, ғылыми-әдістемелік, сараптамалық-талдау қызметі мәселелерін қарайтын алқалы кеңесші органға айналды. Ғылыми кеңестің жұмысы ұйымдастырушылық, тұжырымдамалық-стратегиялық жоспарлау, талдау-сараптамалық, әдістемелік, әдіснамалық секілді қызмет бағыттарын саралауға мүмкіндік берді.
Ғылыми кеңес мүшелерінің талқылауы мен бекітуіне дәстүрлі түрде ғылыми және ғылыми-білім беру бағдарламаларын, ғылыми-экспозициялық пенғылыми-қор жобаларын іске асыру аясында жүзеге асырылатын зерттеулер ұсынылады.
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» ғылыми-қор жинағының дайындығы туралы Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің басшысы, т.ғ.к. Күләйша Ақтаева баяндады. Басылым Қазақстанның жаңа тарихы бойынша ауқымды ақпараттық әлеуетке ие Елбасы кітапханасының музей жинағы қызметін кеңінен насихаттау аясында дайындалған.
– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қызметтік призмасы арқылы қазіргі қазақстандық мемлекеттіліктіңқалыптасуы мен идеяларының нығаю кезеңдерін бейнелейтін қоғамдық наградалар коллекцияларының, бағалы металдар мен тастардан жасалған бұйымдардың, нумизматиканың, кәдесыйлардың, киімнің, бейнелеу өнерінің, сондай-ақ материалдық мәдениеттің жәдігерлері туралы мәліметтер айналымға енгізіледі. Ғылыми-қор жинағының жанры ғылыми, талдамалық, білім беру, мәдени жобаларды, монографияларды, көрмелерді дайындау кезінде музейтанушылық ақпаратты дереккөздік кешенге топтастыруға мүмкіндік береді. Әрбір мақала фотоиллюстрациялармен, жәдігерлердің есептік деректерімен қамтылған, – деп атап өтті Қ.Ақтаева.
Арнайы жобалар қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Нәзира Мусина Елбасы кітапханасының «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың саяси мұрасы мен көшбасшылық феномені» ғылыми жобасы аясында дайындалған ғылыми жинақты ұсынды. Басылымда елорданың қалыптасуының негізгі кезеңдері, қала дамуының саяси, әлеуметтік аспектілері көрініс тапқан. Елбасының республика астанасын құрудағы негізгі бастамалары жүйеленген. Ғылыми айналымға Елбасының жеке архивінен құжаттар енгізілген.
Басқосуды қорытындылаған Ғылыми кеңес төрағасы, Елбасы кітапханасының директоры, п.ғ.к. Бақытжан Темірболат Ғылыми кеңес мүшелеріне жүргізілген жұмыс мен келелі кеңес үшін алғыс айтып, көптеген шешімдер жан-жақты талқылау барысында, пікірталас пен ғылыми пікір алмасужағдайында қабылданатынын атап өтті.