ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ ҒЫЛЫМИ КЕҢЕСІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

24 қыркүйекте Елбасы кітапханасы Ғылыми кеңесінің отырысы өтті. Кезекті басқосуда ғылыми-зерттеу және ғылыми-білім беру бағдарламасын жүзеге асыру аясында дайындалған басылымдар ұсынылды.

«Біз білетін Елбасы» естеліктер жинағы – Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкерлерінің көпжылдық шығармашылық ізденістері мен тынымсыз ғылыми зерттеулерінің нәтижесі. Төртінші кітапта Қазақстанның 23 белгілі қайраткері: А. Бижанов, Б. Әйтімова, А. Қоразбаев, Т. Мансұров, Д. Қыдырәлі, Б. Сапарбаев, А. Тасболатов, Е. Хасанғалиев және т. б естеліктері топтастырылған.

Жинақтың төрт томына Елбасының 103 серіктесінің – тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына лайықты үлес қосқан белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлерінің естеліктері енген.

Жан-жақты шығармашылық жұмыс басылым авторларына Тұңғыш Президенттің туған жері – Қаскелең, Шамалған, Үшқоңыр және қызмет еткен қалалары: Алматы, Теміртау, Қарағанды, Днепродзержинск және т.б. ғылыми-іздестіру экспедицияларының нәтижесінде топтастырылған материалдарды сәтті жинақтауға мүмкіндік берді. Ғылыми-іздестіру жұмысының нәтижесінде жиналған 110 фотоқұжат Елбасы кітапханасының архив қорына қосылған ерекше үлес болды.

 

«Музейтанушы бөбектер. Мектепке дейінгі балаларға арналған музейлік әліппе жолкөрсеткіш» музей сабағы жинағы мен альбом ғылыми-білім беру жобаларын жүзеге асыру аясында дайындалған.

Ғылыми кеңес мүшелерінің айтуынша, басылымдар сапалы жасалған әрі Елбасы кітапханасының қор жинағындағы әдістемелік материалдар жиынтығын айналымға енгізу мақсатын сәтті жүзеге асыра білген. Кеңеске қатысушылардың пікірінше, бұл жинақтар басқа музейлер мен архивтерге, кітапханалар мен мәдени-білім беру орталықтарына, жалпы білім беру мекемелеріне таратуға әрі тәжірибеде қолдануға лайық дүниелер.

Ғылыми кеңестің төрағасы, Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың кандидаты Бақытжан Темірболат:

–Жүргізілген жұмыстың маңыздылығы мен қажеттілігі күмән ұялатпайды. Сапалы, жинақталған материал ұсынылған. Альбомдардың мультимедиялық нұсқаларын электронды форматта дайындаған да жақсы болар еді, – деді ол.