ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ – ЕЛОРДА ТУРИСТЕРІНІҢ КӨЗАЙЫМЫНА АЙНАЛҒАН ЕРЕКШЕ ОРТАЛЫҚ

Назарбаев орталығы ғимараты ашылған сәттен бастап Қазақстан елордасының негізгі нысандарының біріне айналды. Оның қайталанбас сәулетті келбеті қала тұрғындары мен қонақтарын еріксіз өзіне тартады, ал туристік компаниялар шетелдік қонақтарға арналған міндетті шаралар тізіміне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы бойынша экскурсияны енгізген.

13 қыркүйекте Елбасы кітапханасына Америка Құрама Штаттарынан туристердің үлкен тобы экскурсияға келді. Көрме және экспозициямен танысқан келушілердің бірі – Америкаға 30 жыл бұрын қоныс аударған Сюзанна Роковски алған әсерімен бөлісті:

– Президент кітапханасы мені сыртқы келбетімен, ішкі мазмұнымен тәнті етті. Осында өткізген әр минутым жақсы әсер сыйлады. Мен Тұңғыш Президент Кітапханасының әрдайым осындай жоғары деңгейде қалуын тілеймін!

Туристер музей мен кітапхананың жұмыс істеу үлгісінің ерекше екенін атап өтті. Ресурстарды қарау заманауи технологиялардың арқасында жүзеге асады, инновациялық мультимедиялық мүмкіндіктердің көмегімен ұсынылған ақпараттық материалды кез келген адамның қарауға мүмкіндігі бар.

Елбасы кітапханасы Қазақстан мемлекеттілігінің тарихы мен Мемлекет басшысының тарихи мұрасын тану және насихаттау бойынша бірыңғай ақпараттық кеңістікті құрайды. Орталық қызметі отансүйгіштік қағидалар мен азаматтық бірегейлікті нығайтуға, саяси, гуманитарлық, әлеуметтік және басқа салалардағы Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығын дамытуға көмек көрсетуге, Қазақстан мен оның әлемдік қауымдастықтағы рөлі туралы өзекті білім беруге бағытталған.